Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері тергеу изоляторына барды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің баспасөз қызметі мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Шараға қатысушы мемлекеттік қызметшілер қамаудағылардың жатын орындарын аралап, тар дәліздермен жүріп, олардың жай-күйін бәр сәт бастан өткерді.
Департамент баспасөз қызметінің айтуынша, профилактикалық шараға қызметкерлерінің қатысуы бекер емес. Себебі, аталған Департамент облыс бойынша сыбайлас жемқорлық тәукелдері жоғары мекеме ретінде анықталып отыр.
«Жыл басынан бері Мемлекеттік кірістер департаментіне қатысты 3 қылмыстық іс тіркелген. МКД қызметкерлері шетелден әкелінген, кедендік ресімдеу барысында кедендік төлемдер мен салықтар төленбеген көліктерді арнайы есеп базасынан заңсыз шығарып, мемлекетке залал келтірген. Аталған заң бұзушылықтарға жол бергендердің біреуі 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал тағы бір іс сотта қаралуда», - деді Департаменттің бас маманы Нұргүл Мұқатай.
Шара соңында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті өкілдері жемқорлық іс-әрекеттері үшін жазаның қатаңдатылғанын атап өтті.
Айта кетейік, мемлекеттік қызметкерлерді тергеу изоляторына уақытша жіберудің мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттыру, адалдықтан тайып, жаза басқан жандардың темір тордың арғы жағындағы қапастағы өмірді көрсетіп, келешекте мұндай қателіктерге жол бермеуіне қол жеткізу.
«Егер, сізге сыбайлас жемқорлық фактілері белгілі болса, онда тәулік бойы жұмыс істейтін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің 1424 Call-орталығына тегін хабарласа алатыныңызды есіңізге саламыз», - дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің мамандары.