Маңғыстау облысында қысқы мерзімге мал азығы қорында аудан әкімдіктерінің мәліметіне сәйкес, 6 мың тоннаға жуық шөп бар. Бұл туралы Маңғыстау облысы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифинг барысында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қазбек Тәшімов хабарлады.
Оның айтуынша, өңірде 588 819 мал басы тіркелген. Бүгінгі күнге дейін қысқы мерзімге операторлар арқылы 12 000 тонна шөп, 5 900 тонна жем (кебек, арпа, бидай) сатып алынған.
-Жалпы, қыстық мал азығын дайындаудың маңыздылығы күн өткен сайын артуда. Нақты дерекке көз жүгіртсек, облыстағы мал азығының нарықтық бағасы шөптің киллограммы 70-75 теңге (1 орама 16 000 – 19 000 теңге аралығында), ал жемнің киллограммы 100-110 теңге аралығында құрап отыр. Бұл ретте, жергілікті бюджеттен 2021 - 2022 жылдарға қыс мезгіліне азық дайындау және азық құнын арзандату мақсатында, «Каспий» ӘКК АҚ –на 2,1 млрд.теңге айналым қаражаты түрінде бөлінді. Қазіргі таңда облыс бойынша қыстаққа мал азығының қоры шөп 6 000 тоннаға жуық және жем 1 000 тоннаға жуық жинақталды - деді Қазбек Тәшімов.
Сонымен қатар, мал азығы бағасын тұрақтандыру мақсатында Маңғыстау облысының әкімдігі мен өңірдегі ең ірі мұнай өндеу кәсіпорындары арасындағы келісімге сәйкес, 1 қап кебектің бағасын 1900 – 2100 теңгеден 1500 теңгеге дейін арзандату үшін, мұнай өндеу компанияларынан 166 млн.теңге бөлінді. Қазіргі таңда Маңғыстау облысы бойынша 1500 теңгеге дейін жеңілдетілген бағамен 100 мыңнан астам қап яғни 2 мың тоннадан астам жем(кебек) жеңілдетілген бағамен сатылды.
Бұдан бөлек, министрліктің қолдауымен ағымдағы жылға «АШЖБ» жүйесінде тіркелген мал басы үшін азыққа жұмсалған шығындарды ішінара өтеу үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен 2021 жылы бөлінген 1,9 млрд.теңге қаржының игерілмей қалған 663,8 млн.теңге сомасына қаржы бөлу жоспарлануда. Бұл шамамен жеке қосалқы шаруашылықтардың 136 132 жуық мал басын азықпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.