«Өзекті жанға өлім хақ» дегенмен лаңкестердің іс-әрекетінен жалын атқан жас ғұмырдың қыршынынан қиылып, ата-анасының үкілеген үміті–өндірдей азамат болған баласынан қапияда айырылуы барлығымызға да аса ауыр соғуда…
Бүгін Жаңаөзен халқы болашағынан зор үміт күтіп отырған, Алматыда жоғарғы оқу орнының соңғы курсында дипломдық жұмысына дайындалып жүрген студентті, арыстай азаматты жер қойнына тапсырды. Жоқтаған ана, көкірегі шерге толған әке, қимастықпен қоштасқан дос-жараны, күңіренген ел-жұрты, ойнақтаған бал күндерінің куәсі - туған жері, көк аспаны да бүгін қабағын ашпай түнеріп қапыда көз жұмған перзентін бақиға шығарып салды. Тілеубаевтар отбасына түскен қайғыға ортақтасып, ақтық сапарға аттанған жас жанның ата-анасының маңдайынан сүйедік.
Біздің қаламыздан басталған бейбіт шеруді жат пиғылды қорқаулардың пайдаланып, қаскөй әрекеттерін жүзеге асыруы – тек қазалы отбасыға ғана емес, бүкіл жаңаөзендіктерге оңай тимесі анық. Әр жүрекке бір ойды, бір өкінішті тастап кетті...
Азалы елге, қазалы отбасыға, Ислам Төребектің туған–туыстарына қайғыра көңіл айтамыз. Үйде отырып баласының тілегін тілейтін ата-ананың көзіне жас, көңіліне кірбің түсірмеуге тырысайық, ағайын!
Жаңаөзен қаласының әкімі М. Ибағаров