«Ұлы Даланың батырлары» атты - Ақпан батырдың 490 жылдығына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Ағымдағы жылдың 4 желтоқсан күні «Қазақстан Халқы Ассамблея» ғимаратында «Ұлы Даланың батырлары» атты- Ақпан батырдың 490 жылдығына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Шараға Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулетов Аманғали Сүлейменұлы, өңірдің зиялы қауым өкілдері және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің және Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар мен инжиниринг университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ-ның өкілдері және де білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты.
Отырыста мемлекеттің қалыптасуы мен дамуындағы тарихи тұлғалардың рөлі мен үлесін зерделеу арқылы ел тарихын зерттеу мүмкіндігі, қазақ батыры – Ақпан Келінбердіұлының күреске толы тағдырын зерттеудегі өзекті мәселелер мен жастарды тәрбиелеудегі жаңа бағыттарды, перспективалық ғылыми-тарихи зерттеулерді талқыланды.
Конференция міндеті: Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында нақты көрсетілген. Онда: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды», — делінген. Осы ойды ұстана отырып, шығармашылық зерттеу іс-әрекетін дамытуға ықпал ету. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлы даланың жеті қыры деген мақаласында: «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы» деп келтірілген сөздері, жеткізгіміз келген ой-пікірдің нақты дәлелі бола алады. Қазақ Елімізбен Атамекен Жерімізді деректі дәлеліменен даудан қорғасқан билеріміздің, жасанған жаудан қорғасқан 100 000 мың даған баһадүр бабаларымыздың бірі - Ақпан батыр Келімбердіұлының да, ортақ Отанымыз Қазақстанның Тәуелсіз мемлекет болуына елеулі билігімен, ерекше ерлігі және еселі еңбегі құрмет тұтуға тұрарлық! Ақпан батыр Келімбердіұлының туылғанына 490 жылдық мерейлі мерекеміз, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы мерейлі мерекеміз құтты болғай – деді Аманғали Нұрдәулетов.