Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Даниил Мухалев пен Артем Бедарев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасы аясында өңірлерде ұйымдастырылған қазақ тілін меңгеру байқауында жеңімпаз атанды. Байқауда үздік нәтиже көрсеткен оқушылар Нұр-Сұлтан қаласында өткен марапаттау шарасына қатысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Қазақ тілін меңгере бастаған Артем Бедарев «Өнер алды қызыл тіл» номинациясы бойынша І орын алды. Ол ұлы Абай Құнанбаевтың «Көзімнің қарасы» әнін орындаған.
Ал 10-сынып оқушысы Даниил Мухалев «Өнерлі өрге жүзер» номинациясында І орын алғаны үшін марапатталды. Ол бірнеше кезеңнен тұратын жарыс барысында қазақ тілін жоғары деңгейде меңгергенін көрсетті.
«Мың бала» республикалық мәдени ағарту жобасының мақсаты – этнос жастарына мемлекеттік тілді үйрету арқылы олардың бойына қоғамның рухани негізі болып табылатын ұлттық құндылықтарды сіңіруді, қазақстандық бірегейліктің азаматтық қағидаттарын қалыптастыруды көздеу. Зияткерлік мектеп оқушыларының қазақ тіліне деген сүйіспеншілігін көру адами құндылықтың жоғары екендігінің көрінісі», - дейді оқушылар байқауында қазылық еткен «Қазақша үйрен» тіл орталығының жетекшісі Айгүл Дәден.
Даниил мен Артемнің қазақ тілі пәнінен сабақ беретін мұғалімдері Индира Абдрахманова мен Нұргүл Айтмұхан балалардың тіл меңгеруге деген қызығушылығын жоғары деңгейде атап өтті.
«Мұндай байқаулар әртүрлі этнос өкілдерінің қазақ тілін меңгеруге деген қызығушылығын арттырады деген үміттемін. Байқау ұйымдастырушыларына, қазақ тілінен сабақ берген ұстаздарыма, қолдау білдірген баршаға алғысым шексіз», - дейді Даниил Мухалев.