Ақтау қаласында жыл сайын көтерілетін мәселенің бірі – көгалдандыру. Биыл жасыл-желектерді сақтап қалу үшін жергілікті бюджеттен 890 млн теңге бөлінді. Оның үстіне бұрынғыдай емес, жұмыстың 80 пайызы мемлекеттік мекеме жауапкершілігіне берілген еді. Осы ретте каладағы жасыл-желекті сақтау, суару, күтіп-ұстау жұмыстары қаншалықты жүргізілді? Шешімін таппай келе жатқан қандай мәселе бар? Алдағы уақытта жергілікті биліктен не күтеміз? Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу үшін Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Серік Ғимыранұлымен сұхбаттасқан едік.
– Серік Ғимыранұлы, өзіңіз білесіз көгалдандыру маусымы аяқталуға жақын. Биыл 890 млн теңге тиімді жұмсалды ма?
– Әрине, биыл жақсы жұмыс істедік деп ойлаймын. Неге десеңіз, бұл қаржыны «Ақбота» мен «Ақтау тұрғын-үй» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына бердік. Соның нәтижесінде көгалдандыру жұмыстары үш бағытта жүргізілді. Бірінші бағыт бойынша қаланың көгалдандыруға арналған орталықтандырылған суару жүйесін қалыпқа келтірдік. Атап айтқанда, бұрыннан қалған 65 км құбырдың 48 шақырымы жаңартылды. Мұны «Ақтау тұрғын-үй» мекемесі жүргізді. Негізгі жоспар 30 км суару құбырын жаңарту еді.
Ал екінші бағыт бойынша осы құбырлар арқылы және водовозбен суаруды, баптау, қопсыту жұмыстарын «Ақбота» МКК жүргізді. Бұл жұмыстарды былтыр қараша, желтоқсан айларында бастаған едік. Себебі соңғы үш жылда аталған жұмыстардың біреуі де орындалмаған. Салдарынан 15 мыңға жуық ағаш өліп, қураған.
Осы қураған ағаштарды кесуді мемлекеттік сатып алу арқылы жеңімпаз атанған «Соқырлар қазақ қоғамының Ақтау оқу-өндіріс кәсіпорны» ЖШС-ға жүктелді. Биыл 2 206 қураған ағашты, 668 бұтаны кесті. Ал былтыр 5 000 ағаш қурап қалған. Сонымен қатар 108 мың дана бұта, 1 600-дан астам ағаш, 2 000 раушан гүлі және 120 мың біржылдық гүл отырғызылды. Одан бөлек «Ақтау тұрғын-үй» коммуналдық мекемесі арқылы 40 су тасығыш көлікпен шағынаудан ішіндегі ағаштарды суарсақ, қалған шағынаудан айналасына КСК-ны көмекке шақырдық. Осылай бұрынғы «Көктемнің» схемасын қайта әкелдік.
– Сонда да мәселе бар сияқты. Жасыл-желектің жайқалып тұрғанын әлі көрген жоқпыз.
– Ия, бүгінгі ағаштарға қарап, тұрғындар реніш білдіріп жатады. Бірақ кейбір ағаштардың шынымен де өңі кетіп, қурап қалғанын мойындаймын. Себебі кезінде күннің ыстығына шыдамайтын ағаштарды отырғызған. Ақтау қаласындағы ағаштың тең жартысы – қарағаш. Оның көбі қурап кеткен, себебі қарағаштың тұрғанына да 50 жылдан астам уақыт болған. Оның үстіне үш жыл дұрыс суарылмады. Мұндай жағдайда әрине, ағашты зиянкестер басады. Қарапайым тілмен айтқанда, ол ағаштың бәрі «онкологияның» төртінші сатысында тұр. Ондай ағаштарды кесіп тастап жатырмыз.
– Осы уақытқа дейін жасалған жұмыстардың көзге көрінбеуіне не кедергі?
– Өзіңіз білесіз, 2016 жылдан бері көгалдандыру жұмысы заң аясында жеке меншік бәсекелестік ортаға тапсырылды. Яғни, мемлекеттік сатып алу арқылы жүргізіледі. Ал оған ең бірінші кезекте «Соқырлар қазақ қоғамы» қатысады. Егер олар қатыспаса, мемлекеттік сатып алу конкурсына басқа бәсекелестік орта қатысып, жеңімпаз атанады. Өкінішке қарай, осындай тиімсіз жүйенің нәтижесінде, соңғы уақытта көңіл көншітерлік жұмыс болмады. Ал міндетін толық орындамаған кәсіпкерлермен соттасып, істі қайта қарайтын кез жиі кездеседі. Міне, осы жағдайлар көгалдандыру жұмыстарының сапасына кері әсер етті.
Екіншіден, Ақтау қаласы +50 градусқа дейін ыстық болады. Мұның өзі шөптен бастап ағаштарға дейін зиянын тигізеді. Есіңізде болса, осыдан 30 жыл бұрын «Көктем» коммуналдық кәсіпорны жұмыс істеген. Ол кезде орталықтандырылған су жүйесімен ағаштар суарылатын еді, қалада ешқандай мәселе болмады. Оның қаржысы әкімшіліктен бөлініп, мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына берілетін еді ғой.
Үшіншіден, бізде көгалдандырудан бөлек, қалаға су жетпейді. Мұның өзі ағаштарды суаруға кері әсерін тигізбей қоймайды. Соған қарамастан біз жұмысты орындап, алып шықтық. Бізде екі су қоры болды. Бірі – «МАЭК Казатомпромнан» су алып отырсақ, екіншісі - 1 шағынауданда орналасқан табиғи жерасты су көзін пайдаланып жүрміз.
– Өзіңіз білесіз, «Ынтымақ» маңында отырғызылған «Тәуелсіздік 30 жыл» деген гүлзар көп ұзамай солып қалды. Орнына жасанды гүлдер қойыпты. Сіздің ойыңызша, жауапты мекеменің бұл әрекеті халықты алдағандай боп көрінбей ме?
– Жоқ, бұл жерде мұны дұрыс түсіну керек. Біз гүлдерді уақытылы отырғыздық, баптадық, суардық, тыңайтқыштарын септік. Бірақ күннің ыстығына шыдамады. Енді қайтадан гүл отырғызайық десек, сатылымда жоқ. Біз жерді тақыр қылғаннан гөрі пластик гүлдермен абаттандыруды жөн көрдік. Ал газон күнделікті суарылып тұр. Негізінде пластик гүлдермен қаланы әсемдеу басқа өңірде де қолданылады. Онда тұрған ештеңе жоқ. Біз енді ол жерге басқа концепция жасап жатырмыз. Яғни, электрондық гүлдерді орнатамыз. Олар әрдайым жанып тұрады, түрлі жазу шығарып, қаланың көркін келтіреді. Алматыда мұндай электрондық тақталар бар.
– Сіз айтып отырған жұмыс қай уақытта орындалады?
– Бұл жұмыстарды 2-3 апта көлемінде орындауды жоспарлап отырмыз. Жеке меншік компаниямен келісімшарт орнатып жатырмыз. Одан бөлек Ынтымақ алаңына әткеншек, жұлдызды аспан сияқты жарықтандыру жұмыстарын да жүргіземіз.
– Серік Ғимыранұлы, көптің көкейіндегі сұрақ. Былтыр 17 шағынауданда 120 терек отырғызылған еді. Қазір ағаштар жоқ. Қайда кетті?
– Ол ағаштарды ботаникалық бақ мамандарының келісімімен кесіп тастадық. Себебі ағаштарды отырғызу мерзімі сәйкес келмеген. Уақытылы баптау, суару жұмыстары жүргізілді, бірақ жер асты тақыр, тас болған. Тамырды әрі қарай жібере алмаған. Оның үстіне бұл ағаштар біздің өңірге бейімделмеген, бейімделмейді де екен. Бірақ мұның барлығы Ақтау қаласына сый жасау мақсатында демеушілер отырғызған болатын.
– Демеушілер ұсынған ағаштарды қабылдап алу әкімдік жауапкершілігінде болды емес пе? Неге алдын алмадыңыздар?
– Біздің тараптан басқа жерге отырғызу туралы ұсыныс айтылды. Бірақ 17 шағынауданды таңдап алды. Уақытылы суару жұмыстарының нәтижесінде терек өседі деп ойлаған. Алайда, ол ой орындалмай қалды. Енді күзде оның орнына басқа ағаш отырғызамыз. Бұл жоспар бойынша орындалады, жерсінетін ағаштарды таңдап аламыз.
– Естуімше, бұған дейін ағаш отырғызу алдында ботаникалық бақ мамандарымен кеңеспеген екенсіздер. Алдағы уақытта бұл қаншалықты ескеріледі?
– Бұл жерде айта кетейін, біз бәсекелестік ортаға кетпей тұрып, жоғарыда айтқан «Көктем» МКК әрдайым ботаникалық бақ қызметкерлерімен кеңесіп отырған екен. Бәсекелестік орта пайда болғаннан кейін бұл жұмыс тоқтап қалды. Олар тек бір жылдығын ғана ойлағандықтан жұмысқа атүсті қарайды. Жұмысшы саны азайды, қазір 105 адам деген өте аз. Бір жыл ғана жұмыс істеуге ешкім келіспейді ғой. Демек, бәсекелестік орта көгалдандыру саласына тиімсіз. Себебі Ақтауда ауа-райы – қолайсыз, екіншіден, жеріміз – құнарсыз, үшіншіден, ағаштарға бап керек. Ол үшін ұзақ мерзімді келісімшартпен жұмыс істейтін тұрақты компания және мамандандырылған мекеме болуы керек. Менің ойымша, бұл саланы әрі қарай жүргізуде мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның қалғаны тиімдірек. Менің ұсынысым – осы. Егер бұл ұсыныс ескерілмесе, онда келесі жылы мердігер мекеме арасында конкурс дайындаймыз.
Осы «Ақбота» мен «Ақтау тұрғын-үй» мекемесін қалай қайтарып алғаннан бастап ботаникалық бақ мамандарымен бірге жұмысты бастадық. Мына істеп отырған жұмыстың барлығы ботаникалық бақ мамандарымен кеңесіп, жоспарға сәйкес орындалды. Соның арқасында жасыл-желекті сақтап қалдық.
– Айтудан жалықпайтын тамшылата суару жүйесінің жемісін қашан көреміз?
– Биыл аэропорт жолына 7 км құбыр салып, тамшылата суару жүйесін іске қостық. Жол бойындағы ағаштарды суаруға қаланың кәріз суын пайдаландық. Қаладан 35 мың куб су келіп тұр, қысымы жоғары. Қазір жақсы суарылып жатыр. Одан бөлек «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы ғимаратынан «Дина» супермаркетіне дейін тамшылата суару жүйесі қолданылып жатыр. Оған «МАЭК» суын алып отырмыз. Алдағы уақытта осы жұмыстарды тоқтатпай, жалғастырамыз. Көбісі көгалдандыруға бөлінген 890 млн теңгені көп дейді. Осы ретте айта кетейін, қаржының көп бөлігін суға төлейміз. МАЭК-те 1 куб су – 250 теңге.
– Қаланың экс-әкімі Ғалымжан Ниязовтың кезінде көк бөшкелер тұрған еді. Биыл сол бөшкелерді неге алып тастады?
– Былтыр мердігер мекеме сол көк бөшкелерді жаңадан суару жүйесіне қосамыз деп жұмыстанған еді. Бірақ ол идея іске аспады. Біз көк бөшкелерді сақтау қоймасына қойдық. Алдағы уақытта оларды арнайы саябақтарда, шағынаудан ішіне орнатамыз, су қорын жинақтау үшін қолдануды жоспарлап отырмыз.
– Алдағы уақытта көгалдандыру бойынша қандай жоспар бар?
– Әрі қарай бұл жұмыстарды дамытудың тек екі жолы бар. Біріншісі – мемлекет қарауына қалдыру, екіншісі – мердігер арасындағы конкурс арқылы мықты кәсіпкерлерді таңдап алу. Одан бөлек қаланы көгалдандыру үшін орталықтандырылған суару жүйесін салуға демеушілер іздеп жатырмыз. Тек ескі 65 шақырым құбырмен шектелмеуіміз керек, жаңа шағынаудандарға қосымша құбыр тартуымыз керек. Есептеп қарасақ, бұл жұмысты іске асыру үшін 1,5 млн доллар қаржы қажет екен. Бізде мақсат бар, жоспарымыз айқын. Тек әрекет ету ғана қалды.
– Серік Ғимыранұлы, сүбелі сұхбат үшін рақмет! Жұмысыңызға сәттілік!
Сұхбаттасқан Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН