Маңғыстауда "30 игі іс" аясында "Өз елімде із қалдырмай sayahattime" науқаны жүріп жатыр. Еріктілер, өңір белсенділері мен Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері Ыбықты сай шатқалы маңында сенбілік ұйымдастырды. 50-ге жуық қатысушы бір күнде 3 тоннаға дейін қоқыс жинады.
"Бұл акция қоршаған ортаның тазалығына бірауыздан атсалысуға бағытталды. Өкінішке қарай, қазір табиғат аясына демалуға шыққан адамдар қоқыстарын жинамай тастап кете береді. Соның салдарынан мекеніміздің көрнекті жерлері зардап шегеді. Сондықтан біз осы арқылы жастарға, жалпы қала тұрғындары мен қонақтарына үлгі көрсеткіміз келеді. Қала тұрғындарын табиғатымызды аялап, тазалықта ұстауға шақырамын", -деді Сабина Бейсембаева.
Бұдан бөлек белсенділер Сайын - Шапағат кентінде Каспий жағалауын тазарту жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 70 дорба қоқыс жиналды.
"Акцияның мақсаты - теңіз жағалауын қоқыстан тазарту ғана емес, сонымен қатар өскелең ұрпақтың экологиялық мәдениетін тәрбиелеу мен қоғамның назарын экология мәселелеріне аудару", - деді акцияға қатысушы Хитеш Вадодария.