Маңғыстау облысында бір түк шөп 900-1000 теңгеден сатылып жатыр. Бұл нарықтағы бағадан 500 теңгеге төмен. Өзге өңірлерден тасымалданып жатқан шөп бағасын арзандату облыс әкімдігінің қолға алған арнайы шарасы аясында жүзеге асуда, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Кәсіпкерлермен келісім нәтижесінде 1 200-1 400 теңге аралығында тұратын бір түк шөп 900-1 000 теңгеден сатылуда. Үстіндегі шығын облыс әкімдігі жанынан құрылған қор есебінен өтеледі. Қазірдің өзінде өңірдегі бірнеше кәсіпкермен келісім жасалды.
Бүгін қолжетімді бағадағы шөп Мұнайлы ауданының Қызылтөбе ауылы мен Түпқараған ауданының Ақшұқыр ауылында сатылды. Ақшұқыр ауылына таңертең Ақтөбе облысынан 800 түк шөп жеткізілді. Бағасы 900 теңге.
«Осы күнге дейін Түпқараған ауданына 3 мың тонна шөп жеткізіліп, төмен бағада сатылды. Ақшұқыр ауылында 20 шаруа қожалығы мен 290 жеке малы бар тұрғын бар. Арзан шөпті алушылар көп. Халық риза болып жатыр. Мал азығын қолжетімді ету жұмысы әрі қарай да жалғасатын болады», - деді Ақшұқыр ауылы әкімінің орынбасары Жандос Өтелгенов.
Төмен бағада шөп сату жұмыстары Мұнайлы ауданында 23 шілдеден басталған.
«Жалпы ауданға өзге өңірлерден тасымалданып жатқан шөп 1 400-1 500 теңгеден сатылып жатыр. Облыс әкімдігінің қолдауымен баға 400-500 теңгеге түсіріліп, қазір екі кәсіпкер шөптің бір түгін 1 000 теңгеден сатуда. Бүгін тағы осы бағада Ақтөбеден 2 800 түк жеткізілді. Әр тұрғынға 20 түктен беріліп жатыр. Алдағы күндері ауданның батыр және баянды ауылдарында да арзан шөпті сату жұмысын ұйымдастыратын боламыз. Шаруа қожалықтары мен мал бағып отырған тұрғындардың шөпке сұранысына орай аталған жұмыс жалғасын табады», - деді Мұнайлы ауданы ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мақсат Созақбаев.