Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қажылық бөлімі Сауд Арабия королдігінің қабылдаған шешіміне сәйкес, 2021 жылғы үлкен және кіші қажылықты атқаруға шектеу қойған. Алайда, елдегі туристік компаниялардың бірі кіші қажылық сапарын жарнамалап, барамын деушілерге жалған вакциналау паспортын жасап берген. Осы ақпараттан соң тұрғындар арасында қажылыққа бару туралы сұрақтар көбеюде. Нақты жауабын білу үшін Маңғыстау облыстық «Бекет Ата» мешітінің бас имамы Әнуарбек Елжановпен хабарласқан болатынбыз. Бас имамның берген мәліметіне сүйенсек, биыл Маңғыстау облысынан діни басқарма арқылы ешкім қажылыққа кетпеген.
Қажылыққа бару үшін жалған медицина паспортын жасату дұрыс па, бұрыс па? Вакциналау туралы ислам діні қандай пәтуа береді? Жалған вакциналау паспортына тапсырыс бергендер мен оны жасаушылар қандай жаза арқаламақ деген сауалдарға арнайы мамандардың жауабын ұсынамыз.
Діни басқарма ұсынған мәлімет бойынша, ислам дінінде екпе жасауға тыйым салынбайды. Ислам діні әрбір адамға өз өмірі мен денсаулығына дұрыс күтім жасауға және ауру-сырқаудан емделудің алдын алу жолдарын іздеуге міндеттейді.
Алла елшісі (с.ғ.с): «Емделіңдер, расында Алла әрбір дертті шипасымен қоса жаратты. Бір дерттің ғана дауасы жоқ, ол – кәрілік», – деді (Ахмад ибн Ханбал). Бұл хадис әрбір дерттің емі бар екенін білдіреді.
Діни басқарманың шариғат және пәтуа бөлімінің вакцинаға қатысты келген тоқтамы төмендегідей:
Аурудың алдын алу мақсатында вакциналау – мүбах (рұқсат). Мұндай вакциналау әрбір азаматтың келісімі бойынша орындалуы тиіс.
Қоғамда жұқпалы (вирустық) аурулар күшейіп, өзіне және өзге адамдарға зияны тию ықтималы артса, сол ауруға қарсы екпе алу қажет болады.
Қолданатын вакцинаның құрамы харам заттардан және нәжіс атаулыдан таза болуы тиіс. Бірақ халал вакцина табылмаса және вакциналауға зәрулік туындаса, кәсіби мамандардың нұсқауымен қолда бар екпені қабылдауға рұқсат етіледі.
Ал, вакцина бойынша жалған құжаттар жасағандар мен қажылық туралы діни басқарма тағы да төмендегіні мәлімдеді:
Біріншіден, Қазақстан азаматтары үшін қажылық сапары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты Қажылық миссиясының ұйымдастыруымен және миссияның тиісті талаптары мен нұсқамалары негізінде жүзеге асады.
Екіншіден, ҚМДБ және Сауд Арабия Корольдігінің Қажылық министрлігі арасында қабылданған ресми келісім құжатына сәйкес, қажылыққа қатысты ресми құжаттарды рәсімдеу, тиісті мекемелермен келіссөздер жүргізу, т.б. іс-шаралар Діни басқарма тарапынан орындалады.
Үшіншіден, ҚМДБ қажылық сапарының Ислам шариғаты мен Әбу Ханифа мәзһабы негізінде орындалуын қадағалайды.
Төртіншіден, қажылық сапарына ниет еткен азаматтар ҚМДБ Қажылық бөлімінің нұсқамалары, кеңестері мен ресми ақпараттарына сәйкес шешім қабылдауы қажет екенін жеткіземіз.
Бесінші, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) қасиетті хадис-шарифтерінің бірінде: «Бізді алдаған адам бізден емес» деген. Қажылық сапары алдында жалған құжат жасап, шариғат пен заң талаптарына сәйкес келмейтін әрекетке бару күнә әрі қылмыстық іс екенін жеткіземіз
Вакциналау паспортын жасағандар жазаланады
Ішкі істер министрлігі жалған анықтама мен паспорт жасау былай тұрсын, вакцина бойынша өтірік жарнама таратып, елді алдайтын «арам пиғылдылардың» көбейіп жатқанын ескертеді.
«Жалған құжат дайындағаны үшін 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру, ал оны пайдаланғаны үшін 40 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Құқық қорғау қызметкерлері интернеттегі ПТР-тест анықтамасы мен вакцина паспортын ұсынатын хабарламаларды жіті бақылауға алды. Біз қазірдің өзінде уәкілетті органға бұғаттауға жататын осындай көптеген хабарландыруды анықтап, жолдадық. Ішкі істер министрлігі осы індетпен байланысты барлық қылмыстық көріністерге ерекше назар аударады», делінген Ішкі істер министрлігінің мәлімдемесінде.
Бүкіл әлем індетпен алысып, әлек болып жатқанда, әлдебіреулер мұны пайда көзіне айналдыруда. Бұл ретте де, ешкімнің жазасыз қалмайтыны белгілі. Құзырлы орган өкілдерінің ескертетіні де – осы.
Аида МҰРАТХАН