Бүгін «Жасыл ел-2021» еңбек жасағының XVII маусымы басталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz .
Еңбек жасағына биылғы маусымда Ақтаудағы көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан 380 жас жұмысқа тартылды. Олар 2 кезең бойынша 12 топқа бөлініп 1 ай бойы қоршаған ортаның көркеюіне, қаладағы қоғамдық орындардың таза болуына үлес қоспақ. Әр топта 25-30 баладан және оларға нұсқаушы бекітілген.
«Елімізде карантин жағдайына байланысты "Жасыл ел" еңбек жасағына тіркелу онлайн түрде жүргізілді. Сондай-ақ, әрбір ата-анадан баланың денсаулығын көрсететін анықтама және рұқсат беретіні жөнінде қолхат алынды. Жастар қаланың таза тұруына өз үлесін қосып, тазалық барысында игілікті істің үлгісі болады деген сенімдеміз”, - дейді қалалық қоғамдық даму орталығының маманы Асылжан Темірәлиев.
Жасыл елдің жасақшылары дүйсенбі-жұма күндері қаладағы тазалық жұмыстарына араласып, маусымдағы еңбектері үшін 48 395 теңге жалақы алады.
Сондай-ақ, жас еңбекшілерге Ақтау қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мамандары арнайы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, оларға еңбек шарты және еңбек формасы берілді.