Былтыр елді есеңгіреткен індет көптеген кәсіп иелерін нәпақасынан айырып, күнелтіс көзін күйттегендерге күйзеліс ала келгені мәлім. Себебі төтенше жағдай орын алысымен азын–аулақ кіріспен бір үйлі жанды бағып жүргендер де бірізді ісінен қол үзіп, қаржылай қиындыққа тап келгені мәлім. Былайғы өмірде тұрмыс мұқтаждығын тартып жүрген қамкөңіл жандарға пандемия кезеңінде де мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілді. Қалалар мен аудандарда, шалғай ауылдар мен елді-мекендерде тұрмысы төмен, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға азық-түлік себеттері үлестіріліп, белгілі бір мөлшерде жәрдемақы тағайындалған еді. Бұдан өзге басты қызметі қайырымдылық көрсетуге бағытталған қорлар да бірлесе әрекет қылып, күнкөріс деңгейі кедейлік шегінен төмен жанұяларға қолдау танытты. Маңғыстау өңірінде «Біз адамбыз – біз біргеміз» қоры он төрт жылдан бері ізгі амал жасаудан қол үзбей келеді.
Ақтау қаласында «Мейірімді» дүкені 2015 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Тұрмысы жүдеу, қолы қысқа жандар дүкеннен тегін киім-кешек, тұрмысқа қажетті бұйымдар, ал кей кездері азық-түлік ала алады. Қалталы әрі қайырымды азаматтар дүкен қызметін қаражат жағынан сүйемелдейді, сондай-ақ мұқтаж отбасылардың игілігі үшін азық-түлік тауарлары қорының ортаймауына септеседі. Індет қатері төнген пандемия кезінде қор қызметі тұраламады. Себебі дүкен жұмысы карантин талаптарына сәйкес ұйымдастырылды. Иманғазы Досмұхамбетовтың сөзіне сүйенсек, қатаң шектеу кезінде қордың тарапынан 1400-ге жуық азық-түлік пакеті табысы төмен отбасыларға тасымалданды. Осылайша ізгі амал істеуге жаны құштар еріктілер жәрдемімен «жұмыла көтерген жүк жеңілдеді».
Карантиннің қатаң шектеулері нәтижесінде жалақысы жан бағуға ғана жетерлік, көмекке зәру отбасылар саны артқан екен. Бұл тұста да қайырымдық қорының қызметкерлері өтініш білдірген мұқтаж жандарға мүмкіндігінше көмек қолын созды. Тіпті вирус жұқтырып, дерті дендеп, ауыр хәлде ауруханада төсек тартып жатқан науқастар мен ем-дом жасап, ажал аранымен алысқан ақ желектілерге тәулігіне үш мезгіл ас-су әзірлеп, ағзаның күш-қуатын арттырар құнарлы тағамдарды ізін суытпай провизорларға жеткізіп тұрды.
Қазіргі таңда Иманғазы Досмұхамбетов жетекшілік еткен «Біз адамбыз - біз біргеміз» қайырымдылық қоры жалғызілікті жарымжан қарияларға қамқор болуға тырысып бағуда. Былтыр «Мұнайтелеком» компаниясы алып берген нан өнімдерін пісіретін пеш бүгінде көп жанның кәдесіне жарап тұр. «Мейірімді» кафесінде әр сенбі сайын бөлке нан мен ыстық тамақ, салат пен сусындар мүмкіндігі шектеулі қарттарға тегін үлестіріледі.
«Мейірімді дүкені Ақтау қаласымен қатар, барлық аудандардың орталықтарында жұмыс істеп тұр. Біздің дүкеннен мұқтаж отбасылар өзіне қажетті киім-кешекті, ыдыс-аяқты, тұрмыстық бұйымдарды, балаларына арнап ойыншықтарды ала алады. Біз осы күнге дейін көпбалалы аналарға көмек көрсетіп келдік. Екі көпбалалы ана халықтың және қайырымды меценаттардың қаржылай қолдауы арқасында үйлі болды. Массаж жасауды кәсіби деңгейде игергендер табыс табуды жолға қойды», - дейді И.Досмұхамбетов.
Қайырымдылық қорының биылға қойған басты мақсаты 25 отбасыға арналған жатақхана салу. «Көп түкірсе – көл» демекші бұл істі де кең пейіл, жомарт жандардың қолдау-көмегімен аяғына дейін жеткізуге жұмыстануда.
Алда 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні келе жатыр. Иманғазы аға мерекеге орай «ерекше» балаларды базарлықтармен қуантуды ойға алып, алдын-ала қамдана бастапты. Мейрам күні 200-ден аса балдырған-бөбектерге сыйлық таратып, қамкөңіл бүлдіршіндердің жүзіне күлкі, жүрегіне жылу ұялатпақшы.
Иманғазы аға шын мәнісінде көп разылығына бөленген, алғыс арқалаған азамат. Оған тіпті шалғай қалалардың өзінен хабарласып, көмек көрсетуін өтініп сұрайды. Менімен сұхбаттасып отырған сәттің өзінде алыстағы Астанадан алғыс жаудырған Елена есімді бойжеткен хабарласты.
Қай уақытта да әлемді мейірім мен қайырымдылық құтқарады. Жас ұрпаққа үлгі боларлық істің басында тұрған ізгі жандарды көргенде, жарқын болашаққа деген сенім де нығая түседі.
Қадірлі іске тамшыдай үлесін қосам деушілер «Біз біргеміз – біз адамбыз» қайырымдылық қорына хабарласа алады.
Голрох Жеменей