Бұл туралы Маңғыстау облысы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте облыстық «Бекет ата» мешітінің бас имамы Әнуар Елжанов мәлім етті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Биылғы Қадір түні мамыр айының 8-нен 9-на қараған түнге сәйкес келді. Өткен жылы еліміз карантин режимінде болғандықтан әркім өз үйінде отбасымен бірге болған еді. Биылғы жылы да осы үрдісті сақтап қадір түнін мүмкіндігінше өз үйлеріңізде отбасыңызбен бірге күтуді сұраймыз. Бізге денсаулық аманат етіп берілген. Оны барынша сақтауға міндеттіміз. Үйде балаларыңызбен бірге құлшылығыңызды, дұға тілектеріңізді тілеп таңға дейін мінәжат етуіңізге болады.
Сондай-ақ 3 мамырдан бастап еліміздің мешіттерінде бес уақыт намаз бен жұма намазы арақашықтықты сақтай отырып оқуға рұқсат берілді. Ертеңгі жұма намазы ауа райының жылы болуына байланысты мешіт ауласында ара-қашықтықты сақтай отырып оқу жоспарлануда. Дене қызуы көтерілген адамдар мешітке келмегені дұрыс. Үлкен қарттарға, әйелдер мен балаларға мешітке келу міндеттелмейді. Күнделікті бес уақыт намаз бен жұма намазына келуші жамағат жайнамазбен, бетпердемен келуін сұраймыз», - деді Әнуар Елжанов.