Құрметті Отан қорғаушылар, қадірлі маңғыстаулықтар!
Баршаңызды 7 мамыр – Отан қорғаушы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке – еліміздің қауіпсіздігін, Отанымыздың тыныштығын қорғап жүрген айбынды азаматтарымызды құрметтеп, ұландарымызды ұлықтайтын күн.
«Ер – елінің қорғаны» деген. Бүгінгі Қазақстан әскері – батыр ата-бабаларымыздың ерлігін жалғастыратын патриоттық мектеп болып табылады. Сіздерге еліміздің тұтастығын сақтай отырып, ұлттық қауіпсіздігіміз бен ішкі тұрақтылығымыздың сенімді кепілгері болу жүктелді. Өйткені, Отанға қалтқысыз қызмет ету және оны қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы.
Біздің әрбір азаматымыз мемлекетіміздің нығайып көркеюі жолында жан аямай еңбек етіп, жердің, елдің иесі өзі екенін бір сәт те естен шығармауы керек. Қай кезде де тәуелсіздік тұғырын биік ұстау, еліміздің жан-жақты өркендеуі жолында табанды қызмет ету – басты парыз.
Тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыз, тыныштығымыз бен бейбіт өміріміздің кепілі - қуатты әскеріміз бен ұлттық Ұланымыздың абыройы асқақтай берсін!
Шекара шебін қас қақпай күзетіп, халқымызға қорған болған айбынды азаматтарымыздың рухы биік, мәртебесі арта берсін!
Ел іргесі бүтін, жұртымыз тыныш болсын!
Құрметпен,
Маңғыстау облысының әкімі С.Трұмов