Ақтау гарнизонына қарайтын Әскери полиция бөлімі әскери автокөлік полициясы бөлімшесінің қызметкерлері өңірдегі бөлімдердің әскери қызметшілерімен «Қауіпсіз жол» айлық шарасы аясында түсіндіру жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Іс-шара барысында жол ережелері, жол қозғалысы кезінде құқық бұзушылыққа алып келетін әртүрлі себептердің алдын-алу туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, жол-көлік оқиғасы кезінде көрсетілетін бірінші медициналық көмек пен бірінші кезектегі іс-қимылдар тәртібі жеке құрамға түсіндірілді.
Шараға әскери бөлім командирлерінің қару-жарақ жөніндегі орынбасарлары, техникалық бақылау өткізу пунктінің бастықтары және бөлімдердегі әскери техника мен жеке көлік жүргізуші санатындағы әскери қызметкерлер қатысты.
Әскери қызметшілерге жолда абай болудың, жолда жүру ережесін қатаң сақтаудың қаншалықты маңызды екендігі айтылды.
- «Қауіпсіз жол» шарасының арқасында Ақтау гарнизоны бойынша жол-көлік оқиғалары мен әскери қызметшілердің құқық бұзушылықтары біршама азайып, оң нәтижелерін беруде. Алдағы уақытта мұндай шаралар әлі де өз жалғасын табады, - деді Ақтау гарнизоны әскери полиция бөлімінің әскери автомобиль полициясы бөлімшесінің бастығы майор Берік Қоянбаев.
Жыл сайын ұйымдастырылатын осындай іс-шара әскери қызметшілер арасында жол-көлік тәртібін арттыруға және жол көлік оқиғаларын азайтуға бағытталған.
Айта кетейік, аталған шара санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып ұйымдастырылды.