"Nur Otan" партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы экологиялық қоғамдық кеңес төрағасы болып Әділбек Қозыбақов сайланды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстау облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Дүйсен Құсбеков жақында ғана жаңадан құрылған "Nur Otan" партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы экологиялық қоғамдық кеңес төрағасы Әділбек Қозыбақовты қабылдады.
Тараптар алдағы уақытта өңірдегі бірлескен экологиялық жобалардың жүзеге асырылуына серпін беріп, қоршаған ортаны қорғау саласындағы бастамаларға үнемі көңіл бөліп отыруға және экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған барлық шараларды жүзеге асыруда қоян-қолтық жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.
Айта кетейік, Әділбек Қозыбақов – өңірге белгілі биолог, журналист әрі тәуелсіз эколог. Сонымен қатар "Табиғи орта" Батыс Қазақстан бойынша ҮЕҰ аймақтық қауымдастығы кеңесінің төрағасы, Орта Азия Рамсар өңірлік бастамасы үйлестіруші комитетінің мүшесі, "Ecojer" қазақстандық экологиялық аймақтық бастамалар қауымдастығының Маңғыстау өңірлік экологиялық кеңесінің мүшесі. ҚР Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтың төрағалығымен өткен республикалық бірінші эко-слетке қатысып, Маңғыстау облысының эко-амбассадоры атанған болатын.