Ардақты ақ халатты абзал жандар, құрметті ардагер дәрігерлер!
Сіздерді мерейлі мерекелеріңіз – Медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ерлік – ел қорғау ғана емес, сол елде өмір сүретін әр азамат өмірі үшін аянбай әрекет ету!
Денсаулық қорғаны, халық жанының сақшысы, мейірім мен ізгілік жаршысы атанған өздеріңіздей абзал жандандардың еңбегін әрқашан ерекше бағалаймыз! Әлемді шарпыған қатерлі індетке қарсы арпалыстың алдыңғы шебінде жүрген медицина мамандарының табанды еңбегінің жемісіне бәріміз куәміз.
Осы айтулы күнде барлық дәрігерлеріміз бен мейірбикелерге, техникалық қызметкерлерге алғыс айтып, ризашылығымды білдіргім келеді. Адам өмірін қорғауда өз басын қатерге тігіп жүрген жандарға қандай құрмет көрсетілсе де артық етпейді. Бүгінгі күннің батырлары атанған медицина қызметкерлерінің суреттері қаламыздың көшелеріне ілінді.
Халық денсаулығының түзелуі, ел азаматтарының өмір сүру ұзақтығының артқаны, дертке ұшыраған адамдарға күрделі операция жасап, екінші өмір сыйлағаны – денсаулық сақшыларының зор еңбегінің жемісі.
Өңірімізде әлеуметтік маңыздағы аурулардың көрсеткішін төмендету бойынша жылдан-жылға тұрақты оң динамика қалыптасып келеді. Ана мен бала өмірін қорғау бойынша да кешенді жұмыстар жасалуда. Биыл табиғи өсім бір жарым есеге артып, 5 айда 9 мыңнан аса бала дүниеге келді. Ана өлімі тіркелген жоқ.
Бұл жетістіктер – бүгінгі таңда қызмет атқарып жатқан бір жарым мың дәрігер мен 6 мыңнан астам орта буын медицина қызметкерлерінің еңбегінің нәтижесі деп білеміз. Олардың ішінде өз қызметіне адал, білімді дәрігерлер мен мейірбикелер аз емес.
Құрметті дәрігерлер!
Осындай мерейлі күнде еліміздің гүлденіп-көркеюі жолында аянбай еңбек етіп жүрген барша медицина қауымын төл мерекесімен тағы да құттықтаймын! Сіздерге мықты денсаулық, еңбектеріңізге табыс, отбасы бақыты мен берекесін тілеймін!
Құрметпен С. Трұмов