23 сәуір күні Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты "Қызылсай" мемлекеттік өңірлік табиғи паркі" инспекторлары кезекті ауысым барысында заң бұзған күдіктіні ұстады.
Инспектордың айтуынша, күндіз сағат 13:00-да шамасында "Қызылсай" паркі аумағынан, яғни "Ман ата" асуы үстінен күдік туғызған ақ түсті "Тoyota Hilux" автокөлігін байқаған. Алайда жүргізуші "Ман ата" асуынан түсіп, "Атырау-Ақтау" тас жолының 587 шақырымынан бұрылып, әрі қарай бет алып ізін суытпақ болған. "Қызылсай" мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің инспекторлары сағат 15:30 шамасында жүргізушіні 12 разъезд маңынан тоқтатты.
"Көлік ішінен айғаз заттар табылмады. Алайда артқы жүк салғыштан қан іздері көрінді. Сонымен қатар 3 атыс қаруы, 1 аңшы қаруы тәркіленді. Заң бұзған Маңғыстау ауданы Шетпе кентінің 4 тұрғыны болып шықты. Заттай айғақты іздестіру барысында "Ақтау-Атырау" тас жолының 199 шақырым тұсындағы сайдан бір бас арқар табылып, тәркіленді", - дейді Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған іс бойынша Маңғыстау аудандық полиция бөліміне хабарланды. Ерекше қорғалатын табиғи аумаққа рұқсатсыз кіргені үшін және ерекше қорғалатын табиғи аумақта ҚР Қызыл кітапқа енген сирек кездесетін жануар түрін олжалағаны үшін хаттама толтырылды. Барлық заттай айғақтар полиция органдарына заңды шаралар алынуы үшін тапсырылды.