Орта Азия Рамсар өңірлік бастамасының мерейтойлық кездесуіне қатысқан сарапшылар өзара пікір алмасты. Халықаралық онлайн кездесуге ОА-РӨБ Үйлестіру комитеті төрағасының орынбасары, «Табиғи орта» Батыс Қазақстан үкіметтік емес ұйымдары өңірлік ассоциациясының кеңес төрағасы, «Nur Otan» партиясы республикалық экологиялық кеңесінің және «Ecojer» қауымдастығы өңірлік экологиялық кеңесінің мүшесі Әділбек Қозыбақов қатысты.
Жиын барысында Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан және Өзбекстан елдерінің Рамсар Конвенциясы бойынша ұлттық үйлестірушілері өз елдеріндегі қызметінің нәтижелерімен таныстырды. Ә.Қозыбақов ОА-РӨБ өткен бес жыл ішінде Қазақстанда атқарған қызмет нәтижелерін атап өтті.
Оның айтуынша, ОА-РӨБ қолдауымен сегіз Рамсарлық және потенциалды Рамсарлық СБА әртүрлі дәрежеде қамтылды. Олардың ішінде ең белсенді далалық жұмыстар бір потенциалды Рамсарлық СБА – Ақтау маңындағы Қаракөл көлінде, және үш Рамсарлық СБА – Теңіз-Қорғалжын мен Алакөл-Сасықкөл көлдер жүйелерінде және Кіші Арал теңізі мен Сырдария өзенінің сағасында жүргізілді.
ОА-РӨБ қызметінің Қазақстандағы маңызды жетістіктерінің біріне сарапшы Маңғыстау және Атырау облыстары аумағындағы Каспий теңізінің шығыс жағалауындағы СБА, оның ішінде Қаракөл көлін және Жайық өзенінің сағасы мен іргелес Каспий теңізінің жағалауын экспресс бағалауды жатқызды. Экспресс бағалау нәтижесінде Қаракөл көлін СБА Рамсарлық тізіміне енгізу үшін номинациялық досье жасалды.
Жетістіктер қатарына ОА-РӨБ Үйлестіру комитеті төрағасының орынбасары Теңіз-Қорғалжын мен Алакөл-Сасықкөл көлдер жүйелерін және Кіші Арал теңізі мен Сырдарья өзенінің сағасын, Қаракөл көлін басқару бойынша жасалған ұсынымдарды қосты. Ырғыз және Торғай өзендері сағасындағы көлдердің, Құлықкөл-Талдыкөл мен Қойбағар-Тінтуғыр көлдер жүйелерінің, Қаракөл көлінің, Нұр-Сұлтандағы Кіші Талдыкөл көлдер жүйесінің мәселелерін шешу бойынша да ұсынымдар берілді.
Ә.Қозыбақовтың айтуынша, жүргізілген зерттеулер бойынша жасалған мериалдардың бір бөлігі «Қазақстандағы, Қырғызстандағы және Түркіменстандағы сулы-батпақты алқаптардың (СБА) жай-күйі туралы ақпаратты жергілікті қоғамдастықтардың СБА сақтау және тиімді пайдалану бойынша озық тәжірибелерін жинау және тарату жолымен жаңарту» нұсқаулығына енді.
Сарапшы, оң нәтижелерді жоққа шығармай, Қазақстанда Рамсарлық, потенциалды Рамсарлық және кәдімгі қалалық СБА сақтау бойынша өзекті мәселелердің жоқ еместігіне назар аударды.
«Мысалы, Қостанай облысындағы екі Рамсарлық СБА – Құлықкөл-Талдыкөл мен Қойбағар-Тінтуғыр көлдер жүйелері 2009 жылы номинацияланғанымен, бүгінге дейін ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесін алмаған, яғни қорғау қызметі жоқ. Ақтөбе облысындағы Рамсарлық СБА – Ырғыз және Торғай өзендері сағасындағы көлдер аумағы арқылы «Нұр-Сұлтан-Ақтау» автотрассасының учаскесі салынады деп жопарлануда, алайда жобалық-сметалық құжаттамасында осы алқап Рамсарлық екендігі ескерілмеген. Ақтау маңындағы Қаракөл көлін СБА Рамсарлық тізіміне енгізу үшін номинациялық досье өткен жылдың басында жасалған болса да, уәкілетті орган осы СБА Рамсар тізіміне енгізу үшін номинацияламаған. Бөлек тақырып – астана әкімдігі қалалық нысандар құрылысын салу мақсатында Кіші Талдыкөл қалалық көлдер жүйесін көмуге және құрғатуға беріп қойған, алайда ол жерде Қызыл кітапқа енген құстар, олардың арасында глобалды жойылу қауіпі үстіндегі түрлері мекендейтініне назар аудармаған», – деді Ә. Қозыбақов.
ОА-РӨБ Үйлестіру комитеті төрағасының орынбасары өз сөзін қорытындылай келе, осы мәселелерді шешу және жаңа мәселелерді алдын алу үшін мемлекеттік органдардың, бизнес құрылымдарының және жергілікті қоғамдастықтардың күштерін біріктіру бойынша жұмысты жалғастыру керектігін айтты.