Әлеуметтік желіде тұрғындардың қызу талқысына түскен құбыр алынып тасталды. Бұл туралы Маңғыстау облыстық экология департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Аталған дерек бойынша Маңғыстау облысы экология департаментінің экологиялық бақылау және зертханалық-талдамалы бөлімінің мамандары құбырдың жеке тұлғаға тиесілі екендігін анықтады.
«Учаскенің иесі жер телімінде бассейн құрылысын бастап, қажет суды теңізден тарту мақсатында жүргізілгендігін айтты. Тексеру барысында құрылыстың толық бітпегендігі және теңізден су тартылмағаны белгілі болды. Нәтижесінде экологтардың араласуымен тартылған құбыр толығымен алынып тасталды. Қоршаған ортаға келтірілген зиян жоқ», - деді Маңғыстау облыстық экология департаментінің баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, жақында «Сая» демалыс үйі мен «Стигл» демалыс орны ортасында Каспий теңізіне бағытталған құбырдың суреті желіге тарады. Аталған құрыр жеке меншік территориясына тиесілі болған. Осы ретте тұрғындар «теңізге тағы да кәріз суы төгіліп жатыр» деген күдікпен мәселеге экологтардың араласуын сұраған болатын.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА