8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні қарсаңында ҚР Жоғары Сотының қолайлы құқықтық орта құруға ықпал ететін «Отбасылық сот» жобасын жан-жақты дамыту және енгізу жөніндегі өзара іс-қимылды нығайту мақсатында Маңғыстау облыстық соты мен Маңғыстау облыстық Ассамблея құрылымдары, атап айтсақ Аналар, Медиация, Билер, Ардагерлер кеңестері, Ассамблея жастары мен этномәдени бірлесіктер өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Меморандумға қол қоюға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Гүлмира Қалмұратова мен Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрайымы Гүлажар Бақытжанова қатысты.
Меморандумның басты мақсаты - Қазақстан халқы Ассамблеясы мен облыстың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының бірлескен жұмысының міндеті мемлекеттік отбасылық саясатты дамыту, отбасы институтын нығайту, отбасы және неке, құқықтық мәдениет мәселелерінде халықтың хабардарлығын арттыру, сондай-ақ азаматтық істерді жедел қарау, қоғамдық институттарды, үкіметтік емес ұйымдарды дамыту қажеттілігі болып табылады.
«Отбасылық сот» жобасы отбасы-неке қатынастары саласындағы дауларды қарау тұрғысынан мүлдем басқа көзқарастағы бағытты ұстанады. Мәселен, сот дауды сотқа дейінгі тергеу арқылы шешу жолымен шектелмейді, сонымен бірге отбасылық қатынастарды сауықтыру, жалпы отбасын сақтап қалу және дау-жанжалдан арылмай жүрген ерлі-зайыптыларды татуластыру жөнінде шаралар қолданады.
Меморандумға қол қойылғаннан кейін Аналар кеңесінің, Медиация және ардагерлер кеңесінің мүшелері 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты іс-шараға қатысты. Ардақты ханымдарға мерекеге орай гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар табыс етілді.
Голрох Жеменей