Ауыл әкімдерін сайлау қарсаңында ҚР Президент жанындағы мемлекеттік басқару Академиясы Маңғыстау облысы бойынша филиал директоры, философия ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Демеуова пікір білдірді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Ауыл әкімдерін сайлау жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Яғни, жергілікті халық әкімді сайлап қана қоймай, сенім білдіреді. Ал сайланған әкім ауылдың барлық қажеттілігін, мәселесін шешеді деп ойлаймын», - дейді Айгүл Демеуова.
Тәуелсіздік алғалы 30 жыл ішінде ауыл әкімдерінің сайлауы алғаш рет өтіп жатыр. Оның айтуынша, бұл – өте маңызды қадам. Бұл – еліміз үшін тарихи сәт. Оған қоса ҚР Президент жанындағы мемлекеттік басқару Академиясы Маңғыстау облысы бойынша филиал директоры Айгүл Демеуова ауыл әкімдерінің жауапкершілігі жоғары әрі халықпен үнемі тығыз байланыста болуы керек екенін атап өтті.
«Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, әрбір мемлекеттік қызметкер елдің азаматы ретінді халықты тыңдай білуі керек. Ауыл әкімдерінің партия арқылы сайланып жатқанын, біз түсінеміз. Соған сай сайланған әкімдердің құзыреттілігі де жоғары болуы маңызды. Бюджетпен дұрыс жұмыс істей білуі, халықпен тікелей қарым-қатынаста болуы және ауылдың гүлденуіне үлкен жұмыс істеуі қажет. Қазір сайланған әкімдер ауылды 4 жыл басқарады. Олар осы уақыт ішінде өздерінің сайлауалды бағдарламасын іске асырып, тікелей халыққа жауап беретін болады», - дейді Айгүл Амангелдіқызы.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА