Еліміз үшін тарихи маңызды мереке – ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Қаражанбасмұнай» АҚ жұмысшылары ауқымды сенбілік ұйымдастырды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Мұнайшылар Қаражанбас кен орны мен Маңғыстау облысының бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандары аумағына санитарлық тазарту жұмыстарын жүргізіп, үш мың көшет отырғызды.
Компанияның 100-ден астам қызметкері екі топқа бөлінді. Біріншісі – облыстық Бекет ата мешіті, жаңа онкологиялық диспансер, қарттар үйі, отбасылық үлгідегі балалар ауылы, сәбилер үйі және мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектеп интернаты аумағына облыс климатына бейімделген ағаш түрлерінен мыңдаған көшет отырғызып, абаттандырумен айналысты. Мұнайшылар тек тал егіп қана қоймай, аталмыш аумақты жайқалған баққа айналдыруға ниетті. Әрі қарай күтіп-баптау жұмыстары компанияның бірнеше департаментіне жүктелген.
Маңғыстау облыстық отбасылық үлгідегі балалар ауылында 30 тәрбиеленуші тұрады. Мұнайшылар отырғызған көшеттер мұндағы мұнтаздай таза ауланың көркіне көрік қосты. Жақында ашылған онкологиялық диспансер маңы да жасыл желекке оранбақ. Қаражанбас жұмысшылары әзірге бос тұрған аумақты абаттандыруды қуана қолға алды.
“Қаражанбасмұнай” АҚ ұйымдастырған сенбілік кезінде біздің балалар ауылына 300 көшет отырғызылды. Ұжымның ер азаматтарымен қатар, қыз-келіншектері де қолына күрек алып, игі іске білек сыбана кірісті. Балаларымыз да мұнайшыларға қолғабыс жасап, көңілі серпіліп қалды. Қаражанбастың қамқорлығы үшін өз атымнан, балалар ауылының тәрбиеленушілері атынан зор алғысымды білдіремін. Рамазан айымен тұспа-тұс келген шара алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенемін”, - деді МО отбасылық үлгідегі балалар ауылының директоры Орынбасар Наурызбаев.
Бұл кезде сенбілікке шыққандардың екінші тобы кен орнында тұрмыстық қатты қалдықтарды жинап, әлеуметтік нысандарды әрлеп жатты. Қаражанбастықтар үшін кен орнын көгалдандырып, ағаш отырғызу жыл сайынғы дәстүр. Дегенмен, биылғы сенбілік бұрынғыдан өзгеше болды.
«Біз үшін 3000 көшет – Тәуелсіздіктің 30 жылдығының символына айналады. Туған өлкемізді көгалдандыру бәрімізге ортақ жұмыс. Оған қоса қасиетті Рамазан айында игі іске өз үлесімізді қосқанымызға қуаныштымыз. Сенбілік өткізетін нысандарды арнайы таңдап алдық. Сондай-ақ Компания қағидаларының бірі - қоршаған ортаға ұқыпты қарау. Біздің ұжым осындай экологиялық іс-шараларға ерекше назар аударады», - деді «Қаражанбасмұнай» АҚ Бірінші Вице-президенті Қуанышбай Нұрғалиев.
Айта кетейік, мұнайшылар ұйымдастырған ауқымды сенбілік «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ жариялаған Экология жылы аясында өтіп жатыр. Осылайша қолына күрек алып, жұдырықтай жұмылған 100-ден астам жұмысшының әрқайсысы 30 көшеттің отырғызылуына себепші болды.