Биыл орталық көшелердегі 25 шақырым су құбырын жөндеу жоспарланып жатыр. Аталған жоспар толық орындалса, суару техникасын (водавоз) пайдаланбай суару жұмыстары жүргізіледі. Бұл туралы Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Серік Гусман баспасөз алаңында хабарлады.
«Қаланың орталық көшелері орталықтандырылған су жүйесінен суарылады. Ал қаланың шағынаудандарының периметрлері су тасығыш көліктері (водовоз) арқылы суарылады. Шағынаудан ішіндегі ағаштарды сол үйлердің су құбырларын шығарып суару жоспарланды. Осы уақытқа дейін бірқатар жиналыстар өткізіп, хаттамалық шешімдер шықты. Аталған жұмыстарды КСК және ОСИ мекемелері арқылы жүргіземіз, Суарылған су көлеміне және жұмысшыға ақша төлейміз», - дейді С. Гусман.
Оның айтуынша, қала бойынша 2 су беру бекеті жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар 1 шағынауданда орналасқан бұлақтан шыққан табиғи суды да пайдаланбақ.
Қазір су беретін бекеттерде қайта жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Содан кейін су бекеттері іске қосылады.