Маңғыстау облысында Кендірлі елді мекенінің аймағында республикалық «Қалқан-2021» әскери оқу-жаттығуы өтіп жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Қалқан 2021» жедел оқу-жаттығуының үшінші кезеңі 13-16 сәуір аралығында өтеді. Республикалық жаттығуға Павлодар, Петропавл және Қостанай облыстарының да әскери қызметкерлері қатысып жатыр.
"Аймақтық жедел штабының облыстағы төтенше жағдайды жою бойынша іс-қимылы" тақырыбындағы арнайы оқу-жаттығуына 90-ға жуық техника әзірленген. Сонымен қоса 300 әскери қызметкер жұмылдырылған. Олардың қатарында ҰҚК Шекара қызметі, Полиция Департаменті, Кеден, СЭС, жедел жәрдем, Қазпошта, облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мен азаматтық қорғау басқармасының қызметкерлері бар.
Жаттығу барысында әскерилер келген адамдарды қабылдап, денсаулық жағдайын тексерді. Денсаулығы нашарлағандарды қызыл аймаққа, сау адамдарды жасыл аймаққа өткізіп отырды. Негізгі аймаққа өткендерді облыстық әкімдіктің дайындаған демалыс бөлмелеріне орналастырды.
Жаттығудың негізгі мақсаты осында қатысып жатқан қызметкерлердің төтенше жағдайға дайындығын тексеру. Жаттығу барысында облыстық әкімдікке жүктелген міндет келген адамдарды қабылдау және оларды жатын орынмен, азық-түлікпен қамтамасыз ету, - деді Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының бас маманы Рысбек Жұбаназаров.
Махаббат Нұржанқызы
Суреттер автордан