Бүгін облыс әкімінің төрағалығымен өткен аппараттық жиында С.Трұмов өңірдегі елді мекендердің санитарлық тазалық жұмыстарына қатысты сын айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жуырда ғарыштық мониторинг нәтижесінде облыс көлемінде қоқыс үйінділері бар 141 нүкте координаттары анықталды. Олар: Ақтау қаласы бойынша – 69 (қала іргесінде), Мұнайлы ауданы – 56, Тупқараған ауданы – 8, Қарақия ауданы – 7 және Маңғыстау ауданы – 1.
Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Д.Құсбековтың мәліметінше қоқыстардың бей берекетсіз шашылып жатуына ТҚҚ жинайтын контейнерлердің тапшылығы да себеп.
Қазір аймақта қалдықтарды жинау және шығару қызметтерімен 21 мекеме айналысады. Оның ішінде Ақтау қаласының 80% ТҚҚ шығару қызметімен "Каспий Оперейтинг" ЖШС қамтамасыз етеді. «Қазіргі таңда облыс 41% қоқыс контейнерлерімен қамтылған. Демек, әлі де 16 819 дана керек деген сөз. Биыл бұл мәселені шешу үшін Ақтау мен Жаңаөзен қалаларына қосымша контейнер сатып алуға қосымша қаржы бөлінді»,- деді Д.Құсбеков.
Облыста санитарлық талаптарға сәйкес келетін 7 полигон, уақытша орналастыратын 16 қоқыс тастайтын жерлер бар (Маңғыстау ауданының 7 ауылында және Бейнеу ауданының 9 ауылында орналасқан). Полигондар жағдайының сын көтермейтінін айтқан облыс әкімі басқарма басшысына бұл жұмыстарды жүйелі үйлестіруді тапсырды.
«Облыстағы санитарлық тазалық жұмыстарына қажетті қаражат бөлініп отыр. Алайда, әлі күнге дейін нәтиже көріп отырған жоқпын. Аула, ауыл, аудан іші қоқысқа толы. Бұл жұмыстарды үйлестірумен қатар тұрғындарды тазалық сақтауға шақыруымыз керек»,-деді С.Трұмов.
Пайдаланылмай жатқан 2 млн га астам жайылым жер анықталды
Сонымен қатар жиын барысында жер қатынастары басқармасының басшысы Есемұрат Дүзмағамбетов баяндама жасады.
Космомониторинг жобасы аясында, Qoldau.kz веб-порталы арқылы өткен жылы облыс көлемінде 799 субъектінің пайдаланылмай жатқан көлемі 2 млн. 659,8 мың гектар жайылым жерлері анықталған. Қазір, олардың көлемі 2 млн. 244 мың 700 гектар болатын жер учаскесі өз еріктерімен мемлекет меншігіне қайтарылды. Соның ішінде Сенек шаруашылығының қосымша 300 мың гектар жері ақпан айында қайтарылды.Сонымен қатар өткен жылы, порталдан тыс Маңғыстау ауданы әкімдігімен 157 583 гектар жер учаскесі, осы жылы Түпқараған ауданы бойынша 500 гектар жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды.
Кендірлі ауылының шекарасын бекіту мақсатында Қарақия ауданына қарасты ауданы 818 721 гектар жер учаскесін, Жаңаөзен қаласына беру жұмыстары жүргізілуде. Аталған жер көлемінің 705 733 гектарын ұзақ мерзімді жер пайдалануға, 112 988 гектарын қаланың әкімшілік-аумақтық бағынысына беру жоспарлануда. Қазіргі кезде аудан-қала деңгейіндегі қажетті құжаттары қабылданды.