Бүгін облыс әкімі С.Трұмовтың төрағалығымен аппараттық жиын өтті. Жиында жаз мезгілінде облыстың елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы қабылданатын шаралар, балық шаруашылығы саласында іске асырылатын жобалар туралы сөз болды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінде «Каспий су тұщыту» зауыты тәулігіне 20 мың текше метр ауыз су тұщытады. Облыс әкімінің орынбасары Н.Аққұловтың мәліметінше, биыл зауыттың қуатын 40 мың текше метрге дейін арттыру көзделіп отыр. Оның 5 мың текше метріне алдағы маусым айында қол жеткізілмек. Қазір су тұщыту қондырғысы салынуда. Жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп, оң қорытынды алған. Облыс әкімі С.Трұмов алдағы жазда су тапшылығын болдырмау үшін жобаны уақытында жүзеге асыруды қатаң тапсырды.
Айта кетерлік мәселе, Мұнайлы ауданы мен Қарақия ауданы «Каспий су тұщыту» ЖШС–не 400 млн теңгедей қарыз. Қос ауданның берешегі мерзімінде өтелмейтін болса, зауыттың ары қарай жұмыс жасауына кедергі келтіруі мүмкін. Зауыт басшысы тұрғындардың уақытылы қарызын бермей жатқанын айтып, аудан әкімдерінен мәселені тезірек шешіп беруді сұрады.
Облыста халыққа тіршілік нәрімен қамту мақсатында бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатыр. Жуырда Мұнайлы ауданындағы Баянды ауылында тәулігіне 1 мың текше метр су тұщыту қондырғысы қолданысқа берілген еді. Ауданда тәулігіне қуаты 3 мың текше метр су тұщытатын тағы бір қондырғы салынбақ. Осы жылдың 16 ақпанында «Абырой Груп» ЖШС-мен келісім- шарт жасақталып, құрылыс жұмыстары басталды. Нысанды тапсыру 2021 жылдың мамыр айына белгіленген.
Ақтау қаласы мен Ақшұқыр және С. Шапағатов ауылдарын үздіксіз сумен қамту бойынша «Ақтау қаласындағы орталық сумен жабдықтау торабы (ЦУВС-4) нысанын кеңейту» жобасы іске асырылып жатыр. Облыс әкімі аталған жобаны мерзімінде аяқтауды қатаң тапсырып, жеке бақылауында болатынын айтты. Өйткені, бұл жоба қала тұрғындары үшін кезек күттірмейтін аса қажетті жоба.
Жаңаөзен қаласының халқын таза сумен қамту бойынша Кендірлі курорттық аймағында қуаты тәулігіне 50 мың текше метрлік су тұщыту зауытын салу жобасы іске асырылуда. Сондай-ақ, «ҚазМұнайГаз» АҚ Қаражанбас кен орнында қуаты тәулігіне 17,0 мың текше метрлік су тұщыту зауытының құрылысы жүріп жатыр. Аяқтау мерзімі 2021 жылдың қазан айына дейін белгіленген.
Аймақ басшысы С.Трұмов ауыз су өңір халқы үшін аса өзекті мәселе болғандықтан осы салаға жауапты азаматтарға аталған жобаларды дер кезінде жүзеге асыруды тапсырды.
«Балық шаруашылығын дамыту» бағдарламасы жасалды
Маңғыстау облысы 2030 жылы жылына 100 мың тонна балық өсіріп шығаруды жоспарлап отыр. Осы мақсатта арнайы бағдарлама да қабылданған. Бұл туралы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Д. Құсбеков айтты.
Қазіргі таңда өңірде бекіре тұқымдас балық шаруашылығымен айналысатын «Казақ Осетр» ғылыми өндірістік кәсіпорны» және жылына 50 тонна тауарлы бекіре балықтарын өсіріп, 100 кг көлемде уылдырық өндіретін «Каспиан Ривьера» ЖШС-і қызмет етеді. Бұдан бөлек, бағдарлама аясында тауарлы күмжі (лосось) және тұқы (карп) балық түрлерін өсірумен айналысқысы келетін бірқатар инвесторлар бар. Бүгінгі таңда жер телімін алу үшін жобалық-сметалық құжаттары жасақталып, сараптамадан өткізілді. Өзге де құзырлы органдардан рұқсат алу жұмыстары жүргізіліп, осы жылы мамыр айында құрылысы басталады деп жоспарланып отыр.