«Nur Otan» партиясы Маңғыстау облысы депутаттық фракция мүшелері және облыстық мәслихат депутаттары Аббат Өрісбаев, Бекмұрат Жүсіпов, Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Абзал Меңдібаев, «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Звира Есбергенова, «Біз адамдар. Біз біргеміз!» қайырымдылық қорының директоры Иман Досмұханбетов бірлесе қаладағы «Қарттар мен мүгедектерге арналған интернат-үйіне» арнайы барды. Бұл игі бастамаға аталмыш қайырымдылық қор еріктілері де өз үлестерін қосты.
Шара барысында белсенді топ қарттарды мерекемен құттықтап, апаларға қызғалдақ гүлдерін берді. Одан бөлек барша қарияны сый-сияпаттармен қуантты.
«Облыс әкімі Серікбай Трұмовтың шұғылалы мереке қарсаңындағы құттықтауын жеткізгім келеді. Денсаулық, бастарыңызға амандық тілеймін. Тек жақсы күнде кездесейік. Еліміз тыныш, бейбітшілік болсын», - деді А.Меңдібаев.
Көңілдері көтеріліп, бір жасап қалған қарттар құттықтап келген азаматтарға шын ықыластарын білдіріп, алғыс айтты. З.Есбергенова «Біз адамдар. Біз біргеміз!» қайырымдылық қорының директоры И.Досмұханбетовке алғысын жеткізіп, қор өкілдері қарттармен үнемі байланыста болып, көңілдерін аулап тұру қажеттігін айтты.
Айта кетейік, бүгінгі таңда қарттар үйінің 140 тұрғыны бар.
Осы ретте А.Өрісбаев пен Б.Жүсіпов қарттарға мерекелік көңіл-күй, қуаныш сыйлағаны үшін қуанып тұрғанын жеткізді.
«Үлкендердің жүзінен қуаныш пен мейірімді көру, жақсы сөздер есту, ақ баталарын алу біз үшін үлкен бақыт. Осы бастаманы «Nur Otan» партиясы мен жергілікті билік өкілдері, қайырымдылық қор, еріктілермен қолға алғанымызға шын қуаныштымын. Бұл бастаманы жүзеге асырғанымыз өте дұрыс шешім болды», - деді.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА