3-тоқсан дәстүрлі оқу форматында басталды. Бастауыш сынып оқушылары мен 9, 11-сынып оқушылары мектепке барып білім алуда. Білім ордасында оқушылардың дауысы естіліп, қоңыраудың сыңғыры қайта соғылып жатыр. Осы ретте біз Ақтау қалалық білім бөлімінің №11 лицейге барып, пандемиядан кейінгі мектеп тынысымен танысып қайттық. Мектеп оқушылары мен мұғалімдердің сағына қауышқаны сабақ барысында байқалып-ақ тұрды. Олардың сабаққа белсене қатысуы, оқушы мен ұстаздың қарым-қатынасы, сыныптастардың бір-бірімен сырласуы ерекше ыстық көрінді.
Бастауыш сыныптар жанындағы директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Гаухар Амантаевнаның айтуынша, 1 қыркүйектен бастап мектепте 148 оқушы кезекші сыныпта оқып жатыр. 15 баладан топқа бөлінген. Қазіргі таңда 3, 4-сынып оқушылары үшін кезекші сыныптар ашылды.
«Мектепте жағдай өте жақсы ұйымдастырылған. Санитарлар талаптар сақталған. Балалар маска тағып, антисептикті қалай қолдану керек екенін де үйреніп алды. Қазіргі таңда пандемия түрлі қиындық келтіргенмен ата-ана, мұғалімдер мен оқушылар осы жағдайға түсіністік танытып, жан жақты білім алудамыз. Десе де онлайн оқығаннан офлайн, мектепке келіп оқыған балаға өте күшті әсер етеді. Қазірдің өзінде балалар қуанып жатыр. Тек балалар ғана емес мұғалімдер, ата-аналар да қуанып жүр», - дейді 1 «а» сынып жетекшісі, Бастауыш сыныптар жанындағы директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Гаухар Амантаевна.
Бүгіннен бастап мектеп асханасы іске қосылған. Балаларға арнайы қоңырау кезінде ыстық тамақ беріледі. Ал әр үш сабақтан соң кіші қызметкерлер сыныптарға тазалық жүргізеді.
«Мектепті сағынып келдім. Сондықтан бүгінгі сабақ ұнап жатыр, жақсы сезімде отырмын. Онлайн оқығаннан мектепке келіп оқыған әлдеқайда жақсы екен. Себебі сабақтың барлығы түсінікті болады, уақытында мұғаліммен кері байланыс орната аламыз. Достарымды, апайларымды кездестіргеніме қуаныштымын», - дейді 5 «д» сынып оқушысы Аида Қуан.
Қашықтан оқу кезінде ата-аналар да әбден әбігерге түскені рас. Сондықтан болар ата-ана Ажар Бекқожақызы ұстаздың орнын ешкім алмастыра алмайтынын айтып, пікір білдірді.
«Менің балам №11 лицейде 4-сыныпта оқиды. Қашықтан оқу басталғанда қатты қиналдық. Үздік оқушы болған күннің өзінде де қиын болды. Қиындығы – баланы алаңдатады, жалқаулыққа беттейді. Біз, ата-аналар қанша тырысқанымызбен бәрібір педагог емеспіз. Педагог, мұғалім ретінде көмегіміз аз. Бұл ретте сынып жетекшілері үздіксіз байланыста болды. Бүгін ұлым да, мен де қуанышты сезімде тұрмыз. Ұлым таңертең ерте оянып, мектепке асықты. Мектепке барар кезде «Анашым, жүрегім дүрсілдеп бара жатыр», - дейді. Әрине, мұның бәрі қуаныштан. Білім ордасының қайта ашылғанына алғысым шексіз. Енді осы індет тез жойылса екен деп тілейміз. Балаларымыз алаңсыз білім алып, жақсы өмір сүргенін қалаймыз», - дейді ата-ана Ажар Бекқожақызы.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН