© Талант ҚҰСАЙЫН
2021 жылы Ақтауда тағы 18 қоғамдық көлік сатып алу жоспарланып отыр. Бұл туралы Маңғыстау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы Адайбек Қалиев мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Облыс бойынша тұрақты жолаушы тасымалы саласында барлығы 30 мекеме, 200-ге жуық автокөлік қызмет етеді. Жалпы маршруттық желіде 49 маршрут бар. Атап айтқанда, 18 қалалық маршрут, 13 ауданаралық маршрут, 1 облысаралық және ауданішілік 17 маршрут бар.
«Маңғыстау облысының әкімдігі қоғамдық көліктерді жаңарту жұмыстарын облыс орталығы Ақтау қаласынан бастады. Ақтау қалалық автобус парктерін жаңартып ескі автобустардың санын азайту мақсатында «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлескен болатын. Қазір «Ақтау қалалық автобус парктерін жаңарту» атты салалық жоба әзірленіп, орындалып жатыр. Жоба «Қазақстан Даму Банкінің» (БРК-Лизинг) лизингтік бағдарламасының негізінде іске асуда», - дейді Адайбек Қалиев.
Еске сала кетейік, жобаны қаржыландыруға жергілікті бюджеттен 216 540 мың теңге бөлінді. Соның нәтижесінде отандық «СарыаркаАвтоПром» ЖШС-нен (Қостанай қ.) 18 дана «Yutong» маркалы автобусты сатып алып, ел игілігіне берген болатын. Жаңа 18 автобус қарашадан бастап №3 қалалық маршрутта жүр.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН