Жаңаөзен қаласында дәстүрлі садақ ату мектебі ашылды. Бұл туралы қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жаңабай Аймағамбетов хабарлады.
Арнайы орталықты мерген, спортшы Сәнім Мұрат ашқан. Мектепте 50 спортшы жаттығады. Олардың ең кішісі - 7 жаста болса, үлкені 57-де. 4 желтоқсан күні садақ атудан алғашқы қалалық ашық турнир өтті. Жарыстың мақсаты - жалпы ұлттық спорт түрлеріне қоғамның қызығушылығын арттыру.
«Бұл - өте жақсы бастама. Алдағы уақытта осындай мектептер көптеп ашылса игі. Жас буынды отансүйгіштікке, патриоттық рухта тәрбиелеу маңызды. Біз қазіргі таңда дәстүрлі садақ атудың беделі мен рейтингін көтеруді және оны әлемдік деңгейдегі негізгі спорт түріне айналдыруды көздеп отырмыз», - деді Ж. Аймағамбетов.