Жақында облыстық орталық «Бекет ата» мешітінің жанындағы әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен үш шара өтті. Алдымен, қасиетті жұма күні орталық мешіт алдында қайырымдылық жәрмеңкесі ұйымдастырылып, тәттілер мен ыстық тағамдар сатылды. Сектор мүшелері бәліштер мен дәмді кондитер өнімдерін өздері пісірген болатын. Жәрмеңкеден түскен қаражат мұқтаждарға жұмсалды. Бұдан соң, «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда» атты семинар ұйымдастырылып, әйел жамағатының басын қосты. Қатысушылардың сан түрлі сауалдарына ұстаздар мен «Асыл аналар» әжелер мектебінің өкілдері жауап берді.
Бұл шараны алғаш рет ұйымдастырдық, деді әйел-қыздар секторының жетекшісі Ақмарал Қазиева. Негізгі мақсат – жасөспірім қыздар мен келіндерді ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрді дәріптеуге және имандылыққа шақыру. Мұндай басқосуларды алдағы уақытта тұрақты өткізуді жоспарлап отырмыз.
Үшінші шара – Құран-Кәрімнің «Мүлік» сүресін оқудан өткен облыстық жарыс. Онда шәкірттер сүрені жатқа және мәнерлеп оқып, шеберліктерін танытты. Ұстаздар қазылық етіп, үздіктерге сый-сияпат берілді. Сайыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Қызылтөбе ауылдық «Әл-Хаким» мешітінен келген Мөлдір Базарбай алса, екінші орынға Жаңаөзен қаласының орталық «Әбіш қожа» мешітінің шәкірті Пердегүл Жұмағазиева, үшінші орынға Жаңаөзен қалалық мешітінің жас шәкірті Әмина Усейн лайық деп танылды.
Фатима МҰСТАЖАПҚЫЗЫ