Маңғыстау облысында 15 қазан күнгі жағдай бойынша коронавирус инфекциясымен ауырып, карантиндік стационарда жатқан науқастардың саны - 50. Бұл туралы mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап хабарлайды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, аурханаға түскен науқастың 44-і коронавирустық пневмониямен ауырып жатыр. Қалған 6-да коронавирусқа тапсырған сынама оң нәтиже көрсеткен. Қазіргі уақытта жансақтау бөлімінде 4 науқас жатыр. Оның 2-нің жағдайы ауыр, тағы 2 науқас өте ауыр халде деп бағаланып отыр.
Бұл бөлімге түскендердің нашарлауына жедел тыныс жетіспеушілігі және ілеспе аурулардың болуы себеп. Бүгінде аймақтың оқшаулау орындарындағы төсек-орын жүктемесі 23 пайызды құрайды. Облыс көлемінде 215 инфекциялық І-ІІ сатылы төсек орын бар. Сондай-ақ, реанимациялық төсек саны 43.
Анықтамасыз шетелден келген Қазақстан Республикасының азаматтары мен шетел азаматтарына арналған карантиндік стационарларда барлығы 270 төсек орын бар.