Сәуір айының қорытындысы бойынша облыста 394 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, көрсеткіш 106,1% құрады. Бұл туралы аппараттық жиында облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Шабай Тәжіғараев мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Басқарма басшысының айтуынша биыл жыл соңына дейін 1,2 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Сатып алу құқығынсыз жалдамалы тұрғын үйлер бойынша 19,032 шаршы метр болатын 305 пәтер кезекте тұрған азаматтарға беріледі. Соның ішінде 181 пәтер көпбалалы аналардың үлесінде.
Бұдан бөлек, биыл «Нұрлы жер» бағдарламасының несиелік тұрғын үй бағыты бойынша 86 мың шаршы метр болатын 1282 пәтер тапсырылады. Олар:
- Аққу шағынауданының 3-кезегінің 53,5 мың шаршы метрді құрайтын 670 пәтері,
- 19а шағынауданында 22,5 мың шаршы метрді құрайтын 432 пәтерге арналған тұрғын үйлер.
- 18 шағынаудандағы 180 пәтерге арналған тұрғын үйлер.
Жиын барысында Ш.Тәжіғараев 2022 жылы несиелік тұрғын үй бағыты бойынша берілетін үйлердің жоспарымен де бөлісті.
«Келесі жылы 29 мың шаршы метр несиелік тұрғын үй беріледі. Сонымен қатар, 2022 жылы Ақтау қаласы 33 шағынауданында 15,636 шаршы метрді құрайтын 270 пәтерге арналған тұрғын үйлер, 37 шағынауданында 57,551 шаршы метрді құрайтын 1 134 пәтерге арналған тұрғын үйлер және Мұнайлы ауданы Маңғыстау селосында 30 мың шаршы метрді болатын 720 пәтерге арналған 30 тұрғын үйдің құрылыстары басталады», - деді басқарма басшысы.
Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай бүгінгі күні қала аумағында құрылыс мекемелерінің жеке қаражаты есебінен жалпы саны 104 көп пәтерлі тұрғын үй кешендерінің құрылысы жүргізіліп жатқанын айтты. Олардың ішінде биыл жалпы ауданы 618,4 мың шаршы метрді құрайтын 38, ал келесі жылы жалпы ауданы 720 мың шаршы метр болатын 47 тұрғын үй қолданысқа беру жоспарланып отыр.
Қала әкімінің айтуынша, салыстырмалы түрде 2020 жылғы қаңтар-сәуір айларында пайдалануға берілген тұрғын үй көлемінен биыл 156,9% өсім бар. Сондай ақ, 2 тоқсан қорытындысы бойынша қосымша 152 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Нұрдәулет Игілікұлы Ақтау қаласы аумағында рұқсатсыз құрылыс жұмыстарын бастаған және салымшылар алдындағы уәдесінде тұрмаған компаниялардың мәселесіне тоқталды.
«Әкімдікпен қала аумағында тұрғын үй құрылысын салып жатқан құрылыс мекемелеріне заң талаптарының сақталуына тұрақты мониторинг жүргізіледі. Қазіргі таңда, Ақтау қаласы аумағында салымшыларымен мәселе туындатып отырған «Шахар Palace», «Rich», Үстірт», «Махаббат», «Гауһар тас», «LePes Premiera» тұрғын үй кешендері бар. Мәселе туындаған әрбір құрылыс нысаны бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда», - деді шаһар басшысы.
Жиын соңында облыс әкімі С.Трұмов жауапты азаматтарға биылға жоспарланған тұрғынүй құрылысы жұмыстарын уақытылы және сапалы орындауды тапсырды.