Халықаралық мұражай күніне орай Ақтау гарнизонының әскери-теңіз базасында Отан алдындағы борышын өтеп жатқан матростар әскери мұражайға барды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
60 жуық сарбаз бірнеше лекпен әскери теңіз базасы аумағындағы мұражайға барып, танымдарын кеңейтті. Атап айтқанда, әскери-теңіз күштерінің тарихынан бастап оның бүгінгі күнге дейінгі дамуы жайлы мол мағлұмат алды. Құнды әскери жәдігерлерді көріп, олардың тарихымен танысты.
"Бұрын оқып білгенім болмаса, бұл музейді көрген емеспін. Бүгін міне, сәті түсті. Мәселен, 2006 жылы Ақтау порты арқылы Оңтүстік Кореядан үш шекара кемесінің қалай келгені туралы оқысам, бүгін сол кемелердің макетін көрдім. Одан басқа да әскери-теңіз күштері туралы көп мәлімет білдім", - деді Алматыдан келген сарбаз Нұрислам Нұрбек.
Әскери-теңіз күштерінің тарихы 1993 жылдың 2 сәуірінен бастау алған. Бұл әскер түрі Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен құрылған.
Теңіз әскерлерінің басты міндеті - шекарашылармен біріге отырып, Каспий теңізінің Қазақстанға тиесілі аумағын күзету.