Өзара сауда өсіп, саяси, мәдени қарым-қатынастардың нығаюы негізінде, оның үстіне ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың қарышты дамуының себебінен әлем елдері бір-біріне ажырамастай байланған. Біз бұл процесті жаһандану деп жүрміз.
Жаһандану дәуіріне сұғына енген сайын ел мен елдің арасындағы интеграциялық процестер нығая түскені белгілі. Осы үдерістің іргелі көрінісі – ЕуроОдақтың құрылуы болған еді. Бұл – экономикалық, саяси ғана емес, тығыз мәдени де байланыс орнату талпынысы. Асқынған ұлтшылдықтан қатты шаршаған кәрі құрлық Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бірігу туралы шешім қабылдағаны баршаға мәлім. Есепсіз қан төгіске, кескілескен шайқастарға қарамастан, олар бас біріктіре алған болатын. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарына тән протекционизм де келмеске кеткендей еді.
Дегенмен, бүгінде жалпы еуропалық интеграцияның сынақтарға тап келгенін көріп отырмыз. Ұлыбританияның ЕуроОдақтан шығуы – шулы Брексит, көші-қондық әрі қаржылық дағдарыстар... Бұл жағдайлардың барлығын күтпеген жерден келген COVID-19 мүлде ушықтырып жіберді. Қалыптасқан жағдай бірінші кезекте жат жұртқа емес, төл ұлтқа көмек қолын созу қажеттілігін туғызды. Шекаралар жабылды, тауар алмасулар шектелді. Әркім өз ұлтының қамын күйттеп кеткенін көз көріп отыр. Ұмыт болған протекционизм алдымыздан шықты. Өзінің айқын бейнесін көрсетті.
Бұл шынайылық нені көрсетті дегенде, ұлт мүддесі өзге мүдделерден жоғары тұратынын көрсетті. Қай салада да.
Осыған қарап-ақ, ортақ мүдде мен құндылықтар, серіктестік, өзара ынтымақтастық ұлттың жоғы түгенделгенде ғана шынайы іске асатынын түсінгендей болдық. Ал бұл қағида біз секілді енді ғана еркіндіктің дәмін сезіне бастаған, тарихына қайта тереңдеп, рухын тіктеп жатқан ел үшін аса маңызды деп есептейміз. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлт мүддесін батыл қорғаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласы бүгінгідей аумалы-төкпелі уақытта ауадай қажет дүние деп бағамдаймыз.
Мемлекет басшысы осы бағдарламалық мақаласында «Жаһандану кезінде ел жат жұрттың ықпалына бейсаналы түрде ілесіп кеткенін аңғармайды. Басқаша айтқанда, мәжбүрліктен емес, санасының улануы арқылы өз еркімен торға түседі. Сондықтан, жаңа заманның жақсы-жаманын екшеп, артықшылықтарын бойға сіңірумен қатар, тамырымызды берік сақтауымыз қажет. Ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден ажырап қалмау – барлық өркениеттер мидай араласқан аласапыранда жұтылып кетпеудің бірден бір кепілі», деген болатын. Әлбетте, әлем бәрі бірін-бірі жақсы танитын үлкен бір ауылға айналған тұста, мәдени бірегейліктің шекарасы шайылып кете жаздап тұрған кезеңде ұлттық болмысымыз қараңғыда жағылған шырақ секілді көрінетіні рас. Оған қайта оралу мен қорған болу аса маңызды. Осы мақалада Мемлекет басшысы аталған мәселелерге айрықша мән берді.
Әуелі тоқталғымыз келетіні – төл тарих тақырыбы. Тарих кейде өткен күннің еншісінде қала беретін оқиғалар тізбегі болып көрінсе де, ол бүгінімізді байыптауға және болашағымызды бағдарлауға мүмкіндік беретін қуатты сала екені сөзсіз. Сондықтан бұл бағытта іргелі зерттеулер жүргізу ауадай қажет. Себеп?.. Себебі бізде тарихи оқиғалар мен тұлғаларға қатысты дау көп. Осы тақырыптарды түбегейлі жауып, бір сәт бүгін мен болашақтың мәселесіне де назар аудару керек секілді. Әлбетте, бізге бұл істе білікті ғалымдар мен мәртебелі ғылым ғана серік бола алады.
Мәселен, Еуропа тарихында зерттелмеген тақырып кемде-кем. Тіпті кәрі құрлыққа қандай жемістің, қай жылы, қалай келгенін, оны кімдер ала келгенін табу оңай. Міне, мұндай жерде артық дауға да себеп жоқ. Ал күллі адамзатқа ат мінуді, атқа ер салуды, шалбар киюді үйреткеніміз туралы мақтанышпен айтатын біз сол ежелгі тарих түгіл, орасан зор нәубет – ашаршылықта қанша азаматымыздан айырылғанымыз жөнінде әлі күнге дейін бірізді тұжырымға келгеніміз жоқ.
Әрине, бұл үшін ұзақ жол жүру қажет. Дегенмен, іргелі зерттеулер үшін қазірден тарих ғылымын науқаншылдық шеңберінен шығару керек секілді көрінеді. Бізде маңызды тарихи дата кезінде ғана сол тақырып бойынша зерттеулер басталып, еңбектер жарық көріп, БАҚ-та материалдар жарияланады. Атаулы дата өтісімен, зерттеулер де тоқтайды, жарық көруге тиіс еңбектер де саябырсып қалады. Жақсы басталған іс аяғына жетпей орта жолда тиянақ табады. Мұндай тәсілмен іргелі тарихи зерттеулер жүргізіп, тақырыпты қопара зерделеуге мүмкіндік болмайтыны түсінікті.
Мәселен, Президентіміз осы мақаласында ашаршылық тақырыбын қолға алып, жан-жақты зерттеуді тапсырды. Халқымыздың басынан өткен алапат трагедия – ашаршылық тақырыбында әлі күнге дейін даулы мәселе көп. Сондықтан бізге ұзақ жылға созылатын тиянақты, байыпты зерттеулер жүргізу қажет екенін түсінуіміз шарт.
Тарихи сананың қалыптасуында тарихи білімнің маңызы зор. Бұл, түптеп келгенде, азаматтарымыздың рухани тірегіне айнала алады. Сол себепті де тарихымызға тәуелсіз көзқарас керек екені айқын. Бұған, әсіресе, еліміздің болашағы – өскелең ұрпақ мұқтаж. Бүгінгі мақсат – оларға жеңісті жалаулатқан, жеңілісті жасырған жасанды тарих емес, объективті, байыпты талдауға негізделген тарихты жазу. Міне, сонда ғана келер ұрпақ өткеннің өнегесі мен сабағын қоса меңгеретін болады.
Сонымен қатар Президентіміз мемлекеттік тіл мәселесіне қатысты да пікір білдірді. Қасым-Жомарт Кемелұлы ел тізгінін алғалы бері қазақ тілінің қоғамды біріктіруші факторы туралы айтып келеді. Расында, мемлекетіміз бұл мәселеде асығыстыққа жол бермей, өзінің көздеген мақсатына сенімді түрде қадам басуда. Қазақ ұлтының үлесі қазақтілді өңірлердің есебінен еселеп артуда. Сондықтан, қоғамдық қарым-қатынасты қазақ тілінде құрудың қажеттілігі өздігінен айқындала түсуде.
Дегенмен, бұл – өзге тілдерді тықсырып шығудың себебі емес. Біз әрдайым мультимәдени ортада өмір сүріп жатқанымызды есте сақтағанымыз жөн. Бұл Алаш заманынан бері де солай. Сондықтан Мемлекет басшысының барша этнос өкілдерінің ана тілін, салт-дәстүрін дамытуға мүмкіндік жасала беретіні туралы сөз еткені орынды. Бұл – біздің халқымыздың тұтастығын арттыра түсетін бірден-бір фактор екенін есте сақтауымыз керек.
Осы орайда мына мәселеге назар аудартқым келеді. Әлі күнге дейін мемлекеттік тіліміз кейбір салаларда толыққанды қолданысқа ие бола алмай жүргені жасырын емес. Күнделікті қызмет көрсету, қаржы секторы, заң және т.б. салалар қазақылана алмай келеді. Біз бұл ретте ескі әдетімізден, үйреншікті соқпағымыздан жалт бұрылғымыз келмейді. Бірақ жаңаға жол салмай, тәуекелдің қайығына мінбей, қазақ тіліміздің қолданыс аясын еш кеңейте алмаймыз. Бұл жерде саяси ерік-жігер мен қоғамдық сұраныс қатар жүріп отыруы шарт деп есептейміз.
Өткен жылы біз ел болып Абай Құнанбайұылының мерейтойын тағылымды атап өттік. Осы атаулы датаның аясында жер-жерде бірегей Абай институттары ашылды. Менің ойымша, осы институттар қазақ тілін үйретуді негізгі міндеті етіп белгілесе орынды болатын секілді. Себебі Абай институттары қаз-қатар кітаптар орналастырылған бос кабинет күйінде қалу үшін ашылған жоқ еді. Оларда «British Council», «Japan Foundation» және т.б. секілді идеологиялық мазмұн болуы шарт деп санаймыз. Мұндай институттар ең әуелі өңірлерде ашылса, мемлекеттік тілді меңгеруге ниет білдірген азаматтар бас қосатын орталыққа айналса деген үлкен тілек бар. Еліміздің ішінде осындай тәжірибені жетілдіре алсақ, оны шетелдерде де іске асыруға, бірінші кезекте, ондағы қандастарымызға және өзге елдің азаматтарына қазақ тілін үйретуге қолдана алар едік.
Мемлекет басшысы мақаласында Алаш тақырыбын да айналып өткен жоқ. Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды. Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек. Сонымен бірге осы тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдар мен жазушылардың да еңбегі қолдауға ие болуы және бағалануы қажет. Алаш арыстарының асыл мұрасын игеру жалғаса беруге тиіс», деген еді.
Біз – әлі күнге дейін өзіміздің батырларымызды іздеп келе жатқан қоғамбыз. Бір қарағанда, оларды шетелден «импорттауға» да жалыққан сияқтымыз. Әрине, алыптар – адамзатқа ортақ, дегенмен өз ұлтыңның ұлыларын төбеңе тұту – рухың мен намысыңды шыңдаудың мүмкіндігі. Міне, осы ретте бізге Алаш арыстары озық үлгі болатындай.
Себебі алаштықтар саяси әрі қоғамдық істердің көш басында тұрды. Олар алғаш болып қазақтың еуропалық үлгідегі тәуелсіз мемлекетін құруға ұмтылды. Ұлттық ғылымымыздың негізін қалады. Әрбіреуі жаңа салаларда ғылыми еңбектерді дүниеге әкелді. Төл әдебиетімізді жаңа сатыға көтерді.
Жаппай қуғындалды. Ату жазасына кесілді. Бірақ, өлімді қасқайып тұрып қарсы алды. Алаштықтардың тағдыр жолы таныған жанды бейжай қалдырмайды. Міне, олар бүгінгі ұрпақ үшін елдік пен өрліктің ерен үлгісі бола алатыны сөзсіз.
Сондықтан Президентіміз айтқандай, біз оларды барынша дәріптеуге міндеттіміз. Бұл бағытта тың зерттеулерге түрен салған абзал. Бұл жерде даурықпа сөз емес, дәйекті ізденістер арқылы ғана олардың атын мәңгілік ете аламыз. Ал өзінің үлгі тұтар бабасы бар ұлттың өзгеге қарайлап тұрмайтыны түсінікті ғой.
...Жаһандану дәуірі, сөз жоқ, адамдарды ортақ құндылықтар, ортақ таным аясына біріктіруге бастайды. Дегенмен, төл тарих, тіл, дәстүр өзінің қайталанбас ерекшеліктерімен дараланып тұратыны сөзсіз. Сондықтан ұлтымыздың тарихын түгендеуге, тілін тұғырына қондыруға, ұлыларын ұлықтауға деген талпыныс қай кезде де өзекті. Осы тұрғыдан алғанда Президентіміздің халықты ортақ мақсаттарға жұмылдыруға деген ой-тілегіне үн қосуымыз маңызды.
Жаһандану кезеңінде алпауыт елдердің есесі кетпейді. Керісінше, олардың технологиялық, тілдік, мәдени ықпалы артып, өзге елдерге әсері біліне бастайды. Әлбетте, олар бұрынғыдай өз үстемдіктерін қара күш арқылы дәлелдемейді, керісінше, күнделікті қарым-қатынаста сендіру, иландыру арқылы мойындатады. Мұны біз «soft power» деп жүрміз.
Әрине, мұның ықпалына төтеп берудің жолы – өзіңнің түпнегізіңе үңілу және оралу, тарихыңды тану, тіліңді қастерлеу, дәстүріңді дәріптеу. Мемлекет басшысының мақаласы осы бағыттағы күрестің арқатірегі болады деген сенім бар.
Берік УӘЛИ,
Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы