Ақтау қаласынан 25 шақырым жерде жиналған уран кеніштері мен қалдықтары бар қауіпті аумақтың қасындағы көл жағасында демалу қауіпті деген ақпарат бұған дейін Facebook әлеуметтік желісінде көтерілгені белгілі.
Нақтырақ айтқанда, Ақтау қаласының тұрғыны Берік Дәуенов, бұрын уран алған карьерлер көлге жақын жерде орналасқанын және осыған байланысты су айдынында шомылу денсаулыққа зиян болуы мүмкін екендігін алға тартып, уәкілетті органдарының араласуын сұраған.
Осыған байланысты Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті мен Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының өкілдері, сараптама-бақылау зертханасы мен «Қазгидромет» РМК-ның Маңғыстау облыстық филиалының мамандары бірлесіп, ағымдағы жылдың 3 мамырында жоғарыда аталған көлге барып, қоршаған ортаға әсер ету бойынша ауа мен су сынамасын алды.
Нәтижесінде атмосфералық ауа сынамаларының нәтижелері бойынша ластаушы заттар (радиациялық фонның әсері-0,1 мк3в/сағ) шекті рұқсат етілген концентрациядан аспайтыны анықталды. Барлық көрсеткіштер рұқсат етілген шамада.
Айта кету керек, ауада проблема жоқ болғанымен, көлде мәселе бар.
Өңірлік экология департаментінің талдау-бақылау зертханасының су сынамаларының нәтижелері бойынша келесі зиянды заттардың артқаны анықталды: SO4 (сульфаттар), CI (хлоридтер), Mn (марганец), Zn (мырыш), Cr (хром). Бұл анықталған зиянды заттардың адам ағзасына әсері аллергиялық реакцияларға, тез шаршауға, жадының нашарлауына, сүйектердің сынуына, шаштың сынуына, температураның жоғарылауына және т. б. әкелуі мүмкін.
Көлдің ауданы: 28 565м2; периметрі 1,59 шақырым. Көл мен «Меловое» кенорындағы №2,3 карьердің ара қашықтығы шамамен 577 м. Бұл көлге ең жақын орналасқан Мұнайлы ауданына қарасты Батыр және Қызылтобе ауылдары.
Сонымен қатар, Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданының аумағында Каспий аймақтық тау-кен металлургия комбинатына қарасты 5 уран рудниктерінің карьерлері бар. Соның ішінде «Меловое» кенорындағы №2,3 карьердің периметрі 13,8 шақырым. Жалпы қорғаныш барьердің ұзындығы 23,1 шақырым. Қалыпты емес мәні 1,45 мкЗв/сағ дейін тек карьердің түбінде және ең төменгі қоршау қабырғаларында кездеседі. Төменгі топырақтардың ылғалдылығының жоғарылауына және ең төменгі шөгінділердің 30% -дан астамына байланысты бұл топырақтарда шаң жоқ және карьерлерден радиоактивтіліктің бөлінбейтіндігін білдіреді.
Олар өз жұмыстарын өткен ғасырдың 90-шы жылдарында аяқтады. Ал, 2008 жылы «Волковгеология» АҚ күшімен толық зерттеу жүргізілді. Нәтижесінде 60-100 метр тереңдікте жатқан карьерге түспесе, жан-жағына тікелей қауіп жоқ екені анықталды.
Мұнайлы ауданы әкімдігіне аталмыш аумаққа кіруге тыйым салынатындығы жөнінде белгі қойып, адамдар мен жайылымда жүрген малдың кірмеуін қамтамасыз ету қажеттігі ескерілуі тиіс екендігі айтылды.
Айта кету керек, осыдан 2 жыл бұрын ұзындығы 1 шақырым 100 метр құрайтын ор қазылып, бұл аумаққа кіруге тыйым салынатындығы жөнінде 9 белгі қойылған. Алайда, соған қарамастан мұнда келушілер әлі де болса бар.
Алдағы уақытта, Мұнайлы ауданы әкімдігіне Қызылтөбе және Батыр ауылдары тұрғындарына аталмыш аумақта демалыс ұйымдастыруға болмайтыны жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігі айтылды.
Еске сала кетейік, өңірлік экология департаменті және облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мамандары елде төтенше жағдай жарияланғанын, сондай-ақ өңірде карантин режимін бұзуға болмайтындығын ескертеді. Егер бұл талаптардың бұзылуына жол берілсе, заңнамаға сәйкес құқық қорғау органдары тарапынан тиісті шаралар алынатын болады.