Бұл туралы Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникация орталығында өткене брифингте МО еңбек инспекциясының басшысы Әлігер Іңкәров мәлімдеді.
Жұмысшының еңбек шартына енгізілген өзгерістерге сәйкес толық емес жұмыс уақытын 3 әдіспен жүзеге асыруға болады.
- Жұмыс күні, яғни күнделікті жұмыс ұзақтығының нормасын азайту.
- Жұмыс аптасындағы жұмыс күндерінің санын қысқарту.
- Сондай-ақ, аталған жағдайларды өзара бірге қолдану.
Мұндай жағдайда, жалақы жұмыскерге нақты жұмыс істеген уақыты үшін төленеді.
Тараптардың келісімі бойынша және өндірістік процестер мүмкіндік берген жағдайда, жұмыс беруші қашықтықтан орындалатын жұмыс белгілеуі мүмкін. Яғни, жұмыс беруші орналасқан жерден тыс, жұмыс процесінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану арқылы жұмыс атқара алады. Сондай-ақ жұмыс беруші жұмыскердің нақты жұмыс істеген уақытына ақы төленеді.
Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік дәрігерінің қаулысына сәйкес барлық карантинге алынған қызметкерлерге еңбекке уақытша жарамсыздық парағы (яғни, больничный лист) беріледі. Еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша жәрдемақы төлеу заңнамаға сәйкес айына 15 МРП-дан аспайтын мөлшерде жүзеге асырылады. Еңбек заңнамасына сәйкес осындай төтенше жағдайларда жұмысшылардың еңбек қызметін жүзеге асырудың әртүрлі тетіктері қарастырылған. Соның ішінде:
- толық емес жұмыс уақыты режимін белгілеу.
- қашықтықтан жұмыс жасау.
- басқа жұмысқа уақытша ауыстыру және тағы басқа.
«Тағы бір мәселе. Вахталық әдісте жұмыс жасайтындар бар. Бұл жағдайда жұмыс беруші 28 күнге дейін вахталық әдістің жұмыс кестесін өзі жасақтай алады. Бүгінгі күні «Қаражанбас», «Қаламқас», «Маңғыстаумұнайгаз» секілді ірі мұнай мекемелерінің кестесі 10 күнді құрап отыр. Жұмыс беруші қазіргі жағдайға байланысты вахта кестесін өзгерте алады. Дегенмен, заң аясында болу керек. Жұмыскерлердің еңбекақысы тек жұмыс жасаған күндерге ғана төленеді. 10-15 күн болсын айырмашылық жоқ»,- деді МО еңбек инспекциясының басшысы Әлігер Іңкәров.
Төтенше жағдай уақытында коронавирусты инфекцияның алдын алу бойынша мемлекет тарапынан берілетін ұсыныстарды басшылыққа алып, бұлжытпай орындауға шақырамыз.
Тұрғындар толғандырған сауалдарын enbek@mangystau.gov.kz поштасына жолдап немесе 31-91-53 телефонына хабарласып біле алады.