Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен 15 наурыз күні елде төтенше жағдай енгізілді. Осындай жағдайда емхана тынысын білмек болып, «Нейрон» клиникасының бас дәрігері, Жаңаөзен қалалық мәслихатының депутаты Нина Самаликоваға жолықтым.
- Қызметкерлеріміздің барлығы вирустан сақтану және алдын алу бойынша семинар сабақтардан өтіп жатыр, - деді Нина Разжанқызы. - Өздеріңізге белгілі, осы мәселе бойынша штаб құрылды. Штабпен тығыз байланыстамыз. Штабтан келіп түсетін ақпараттармен қызметкерлерімізді таныстырып отырамыз. Клиникада 30-дан астам адам карантинде болды. Ешқайсысынан вирус табылмады. Барлығы да вирус ошағы болып жатқан елдерден келген өз азаматтарымыз. Оларға да рахмет, жағдайды түсінді, қарсылық көрсеткен жоқ. Шетелдіктер де бар оқшауланған. Әзірше олардың да талдамалары оң көрсеткен жоқ.
«Беті аулақ болсын, егер біздің жақта ауру белгісі табылып қалар болса, мамандардың дайындығы қандай?» деген көкейдегі басты сауалымызды дөп басқан бас дәрігер ондай жағдайға дәрігерлер де, төсек-орын да 100 пайыз дайын екенін жеткізді.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА