Ақтау қалалық әкімдігі мен Еңбек, көші-қон және әлеуметтік қорғау департаментінде мемлекеттік қызметкерлердің негізсіз артық жұмыс жасау деректері анықталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Бұл туралы Әдеп жөніндегі кеңесте мемлекеттік органдардағы үстеме жұмыстардың алдын алуға байланысты өткен жиынында айтылды. Мәжіліс барысында Әдеп жөніндегі кеңестің мүшелері негізсіз жұмыста қалуға жол берген қызметкерлердің қызметіне қатысты сұрақтарды талқылап, себептерін нақтылады.
Ақтау қаласы әкімі аппаратының басшысы мен Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы тұлғаларға мәселеге қатысты есептері тыңдалды. Оларға жұмыс орнында негізсіз қалудың қайталануына жол бермеу, кемшіліктерді жою бағытында бірқатар жұмыстарды жүргізу үшін нақты ұсыныстар берілді.
Әдеп жөніндегі кеңес отырысында мемлекеттік қызметкерлерді үстеме жұмысқа заң аясында көзделген тәртіппен ғана тартуды, үстеме жұмыс үшін демалыс күндерін заңнамамен берілуін немесе өтемақы төленуін, мемлекеттік қызметкерлердің негізсіз жұмыста қалу деректері анықталған жағдайда еңбек режимін бұзу жөнінде әкімшілік немесе тәртіптік жауапкершілік қарастырылғанын түсіндіруді ұсынды.
Аталған ұсыныстар барлық мемлекеттік мекемелердің басшыларына жолданбақ. Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығы бұл ұсыныстардың орындалуын қатаң бақылауға алады.
Айта кетейік, Президент Әкімшілігі орталық және жергілікті мемлекеттік органдармен бірлесе мемлекеттік қызметшілердің үстеме жұмыс істеуін азайту бағытында пәрменді шаралар қабылдауды тапсырған болатын.
Сонымен бірге, мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс уақытын есептейтін автоматтандырылған жүйелерді жаппай енгізу қажеттігін, артық жұмыс істеу деректері бойынша мемлекеттік органдардың бірінші басшылары жауапкершілікте болатынын Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінде айтылған еді.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ