Кеше Ақтау қалалық төтенше жағдайлар бойынша штаб мүшелері, полиция басқармасы, қалалық әкімдік қызметкерлерінің бірігуімен Ақтаудағы кафе, дәмхана, мейрамхана, адам жиналатын орындарға түнгі рейд жүргізілді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР Президентінің жарлығымен 22.00-ден кейін барлығы жабылуы тиіс. Бұл ақпарат алдын-ала бизнес субъектілеріне айтылған. Осыған сәйкес, жарлыққа бағынбағандарға әкімшілік хаттама толырылады.
5 жұмыс тобы бөлініп, әр шағынаудан бойынша қарап шықты. Атап айтсақ, 1-9 шағынаудан, 10-19 шағынаудан, 20-29 шағынаудан, 30-35 шағынаудан (Шығыс 1, 2,3) және Приозерный, Өмірзақ ауылындағы көңіл көтеретін орындар мен компьютер, бильярд клубтары қаралды. Жалпы, шаһарда жүрген 4 жұмыс тобымен 70-тен астам орын тексеріліп, оның 14-і ашық екені анықталды. Олардың иелеріне ереже түсіндіріліп, 15 минут уақыт беріліп, ескерту жасалды. Барлығы берілген уақыттың ішінде келушілерді таратып, есігін жапты. Тәртіпке бағынбаған 1 кафе иесіне әкімшілік хаттама толтырылды. Айта кетейік, Ақтауда 220-дан астам көңіл көтеру орны бар. Жұмыс тобы түнгі тексерулерді күн сайын жалғастыратын болады.
"Елімізде жарияланған төтенше жағдай бойынша біраз шектеулер қойылды. Оның ішінде шағын және орта кәсіп субъектілері бар. Сағат кешкі 22.00-ге дейін кафе, мейрамхана, барларға шектеу қойылған. Енді қарап тексеріп келе жатырмыз, өзіңіз көргендей 80%-ы жабық екені, жарлыққа сәйкес шара қолданғанын көрдік. Ал, әлі күнге дейін жасап жатқандарына ескерту жасалып, ережемен танысып, иелері жапты. Алдағы уақытта осы жұмыстар жалғасады, қадағалаймыз, тексереміз. Қалалық әкімшіліктің және полиция басқармасының бақылауында болады. Алғашқы шара ескерту. Егер келеңсіз жағдай болып жатса, яғни тағы да ашық болып, заңға қайшы келіп жатса, әкімшілік құқық бұзушылық хаттамасы толтырылып, 476- бап бойынша 10 АЕК айыппұл төлеуге шара қолданылады", - деді қала әкімінің орынбасары Серік Гусман.