Бүгінде шамамен 5 мың педагог жетіспейді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz primeminister.kz-ке сілтеме жасап.
«Бүгінде шамамен 5 мың педагог жетіспейді. Жыл сайын 50 мыңға жуық жас маман университет бітіріп шығады. Алайда олардың көпшілігі өз кәсібі бойынша жұмыс істемейді. Мұның себептері әртүрлі», — деді Әлихан Смайылов.
Оған қоса республикада педагогтың беделі мен мәртебесін арттыру үшін оның ішінде заңнамалық тұрғыдан да көп жұмыс атқарылды.
«Мұғалімдердің жалақысын көтердік, оларды қосымша жүктемелерден, артық есеп беруден босаттық. Ағартушылық салаға дарынды жастарды тарту бойынша шаралар кешені қабылданды. Педагогикалық жоғары оқу орындарына түсуге қойылатын талаптар күшейтілді. Мұның барлығы – дұрыс», — деді Премьер-Министр.
Үкімет басшысының айтуынша, педагогикалық жоғары оқу орындарына түсу балы қаншалықты жоғары болса, ең мықты талапкерлерді іріктеу мүмкіндігі де соншалықты арта түседі. Егер 5 жыл бұрын осы мамандықтарға 50 балл жинаған талапкерлер өтсе, қазір орташа балл – 111.
«Алайда мектептерде оқыту процесінің күрделі болуы, шамадан тыс талап қою және қалыптасып қалған “бәріне мұғалім кінәлі” деген қоғамдық пікір осы мамандыққа деген қызығушылықты төмендетіп жіберді. Сондықтан мемлекет мұғалім мамандығын қалайтын жастарды одан әрі қолдайтын болады», — деді Үкімет басшысы.
Әлихан Смайылов педагог мамандығы бойынша оқитын студенттердің стипендиясы 2,5 есеге ұлғайтылғанын еске салды. Биыл мемлекеттік грант алуға үміткерлердің әрбір төртіншісі және 1,5 мыңнан астам «Алтын белгі» иегері мұғалім болуға ниет білдірген.