Елге келіп жатқан Ресей азаматтарының артуына байланысты Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі ресми түрде хабарлайды. “Қазақстанда мигранттардың келуі мен болуы Көші-қон бақылауында, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Polisia.kz сілтеме жасап.
Шетелдіктердің Қазақстанда болу тәртібі заңмен реттеледі. Бірде-бір шетел азаматы көші-қон заңнамасының талаптарын орындамай, мемлекетіміздің аумағында болуға құқығы жоқ. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің азаматтары үшін Қазақстан Республикасында болудың рұқсат етілген мерзімі мемлекеттік шекарадан өткен күннен бастап, ортақ ереже бойынша 90 күннен кейін аяқталады.
Мигранттарды тіркеуді ішкі істер органдары қабылдаушы тараптардың мәліметтері мен Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шетелдіктердің кіруі мен шығуын есепке алатын Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінен бірыңғай дерекқорға уақтылы түсетін мәліметтері негізінде жүзеге асырады. Статистикаға сүйенсек, биыл Қазақстанға 4,3 млнға жуық шетелдік келсе, 4,1 млн кеткен, оның ішінде 1 660 000 Ресей Федерациясының азаматтары келген және 1 640 000 кеткен. Олардың уақытша болуы есепте. Әрқайсысының төлқұжат деректері мен кіру күндері, олар туралы толық ақпарат бар. Көші-қон процестеріне мониторинг жүргізілуде. Ішкі істер органдары келушілердің белгіленген болу ережелерінің сақталуын бақылауда.
Шетелдiктiң елде болу мерзiмi аяқталса, оған қатысты заңда көзделген шаралар қолданылады. Бақылау барысында көші-қон заңнамасын бұзған 45 700 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның 4200-і мәжбүрлі түрде Қазақстаннан шығарылды. Оның ішінде көші-қон заңнамасын бұзған 3200 ресейлік жауапқа тартылған. Бұл елге келген Ресей Федерация азаматтарының тек нөл бүтін оннан екі пайызын құрайды. Бұл статистика олардың Қазақстанда болу шарттарын сақтау тәртібін көрсетеді.
Егер оны бұзған жағдайда Қазақстаннан мәжбүрлеп шығару 5 жыл мерзімге елімізге қайта кіруге тыйым салу түріндегі қосымша санкцияны қарастырады. Сол сияқты ішкі істер органдары шетелдіктердің Қазақстанда болу тәртібінің сақталуын уақытша тұруға берілген рұқсат негізінде бақылайды. Уақытша тұруға рұқсат шетелдiкке Қазақстан Республикасында заңда көзделген еңбек шарты, оқу, емделу және басқа да жан-жақты негiздерде болу құқығы беріледі. Көшi-қон қызметi олардың тұрғылықты мекенжайы, тұрғын үйдің иесі және онда тұратын шетелдіктер туралы толық ақпарат бойынша иммиграциялық бақылауды қамтамасыз етеді. Шекараны заңсыз өтуге, ел аумағында тіркеу үшін құжаттарды ресімдеу тәртібін бұзуға байланысты кез келген жағдай Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жолы кесіледі. Қазақстан Республикасы ІІМ Көші-қон қызметі штаттық режимде жұмыс істеуде.
Шетелдіктердің, уәкілетті мемлекеттік және құқық қорғау органдарының заңдылықты сақтауын бақылау жүзеге асырылуда”, – деді ІІМ Көші-қон қызметі комитеті төрағасының м.а. Аслан Аталықов.