Парламент Сенатының жалпы отырысында «Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға биологиялық әртүрлілікті сақтау туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Егемен Қазақстанға сілтеме жасап.
Хаттаманың мақсаты - Каспий теңізінің биологиялық әртүрлілігін, экожүйесін сақтау және биологиялық ресурстарды тұрақты пайдалануды қамтамасыз ету.
Осыған байланысты, Каспий маңы мемлекеттерімен мынадай шараларды қабылдау қарастырылған:
1. қорғалатын түрлер мен олардың мекендеу орындарына теріс әсерін тигізетін қызметті реттеу;
2. флора мен фаунаның қорғалатын түрлерін, олардың бөлшектерін, сондай-ақ дериваттарды коммерциялық мақсатта әдейі, кездейсоқ аулауды және қажет болуына қарай оларға тыйым салуды бақылау.
Әрбір тарап басқа тараптар қарсы болмаған жағдайда осы Хаттаманың мақсаттарын қорғау мақсатында теңіз ортасында және жағалау аумағында қорғалатын аудандарды бөле алады.
«Аудандарды қорғау және оларды басқару мақсатында Тараптар қажетті табиғат қорғау шараларын көздейді. Оның ішінде экожүйенің тұтастығына тікелей немесе жанама зиян келтіруі мүмкін қалдықтар мен өзге де заттарды көмуге немесе орналастыруға тыйым салуды енгізу, осы ауданға интродукцияны және реинтродукцияны реттеу, құрылыс немесе іздестіру жұмыстарына байланысты кез келген қызметті реттеу, балық аулауды, аңшылықты, жануарларды аулауды, өсімдіктер жинауды немесе оларды жоюды реттеу ескерілген.
Хаттамаға қосылу Қазақстанның биологиялық әртүрлілігін сақтауға, теңіз кемелерінен және антропогендік көздерден қоршаған ортаның ластануын жол бермеуге, биологиялық ресурстарды орнықты пайдалануды қамтамасыз етуге, сондай-ақ Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі жедел және тиімді шараларды іске асыру жөніндегі мемлекеттердің көпжақты ынтымақтастығына жәрдемдесуге қатысу қажеттілігімен айқындалады», деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев.
Оның айтуынша, Хаттама мүдделі мемлекеттік органдармен ескертулерсіз келісілді және теріс әлеуметтік-экономикалық салдарға әкеп соқтырмайды.