ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мемлекеттік қызметтерді көрсету процестерін жетілдіру мәселесі қаралды. Халыққа мемлекеттік қызметтерді электронды түрде көрсету туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин баяндады.
«Қазіргі таңда мемлекеттік тізілімінде 700-ге жуық қызмет бар, олардың 85,5%-ы онлайн. Біздің мақсатымыз — биыл осы көрсеткішті 90%-ға жеткізу. Қызметтердің көрсетілу сапасын бағалау ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің құзретінде. Олар жүргізген қоғамдық мониторинг нәтижесі бойынша еліміздің өңірлерінде халықтың мемлкеттік қызметтердің сапасына қанағаттану деңгейін көтеру қажет екені айқын», — деді Б. Мусин.
Министрдің айтуынша, ол үшін ведомствоның алдына қойылған бірқатар ашық мәселе бар.
Мысалы, мемлекеттік қызметті алу үшін халық әлі де тікелей мемлекеттік органға немесе әкімдікке жүгінеді. Осындай қызметтер саны қазір 200-ден астам.
Мәселені талдау үшін Бас прокуратурамен бірлесіп халықтан келіп түскен өтінішерді зерттелді. Нәтижесінде азаматтардың келіп түскен 2 млн-нан астам өтініштердің 30%-ы мемлекеттік қызметтерді алу жөнінегі сұраныс болып шықты.
«Мұндай қызметтер қарапайым өтініш ретінде қарастырылады. Яғни ХҚКО-лармен салыстырғанда қарау мерзімдері де бұзылады, өйткені бақылауға арналған ақпараттық жүйеге кірмейді. Және тікелей қарым-қатынас кезінде сыбайлыс жемқорлыққа жол берілуі мүмкін. Осы мәселені шешу мақсатында барлық қызметтерді баламасыз тек ХҚКО-ларда немесе электронды түрде көрсету қажет деп шешім қабылдауды ұсынамыз», — деді Б. Мусин.
Бүгінде eGOV-та 600г-е жуық қызмет көрсетіледі. Түрлі сервистердің санының көптігіне байланысты, әр қызметті адамдардың ойынан шығатындай ыңғайлы жасау қиын мәселе.
Халықаралық тәжірибеге сәйкес, онлайн қызметтерді танымал интернет-платформаларға шығару туралы шешім қабылданды. Енді жеке кәсіпкер ретінде тіркелу Kaspi.kz, Халық банк, Альфабанк және Сбербанк қосымшаларында қолжетімді, басқа да кең таралған қызметтерді шығару жоспарлануда.
Сонымен қатар проблеманы Парето қағидаты – 20/80 принципі бойынша шешу тәсілі қолданылуда, атап айтқанда халық көп талап ететін қызметтерді оңтайландыру жүйелі түрде жүргізілуде.
Мысалы, мамандырылған ХҚКО-ларға жыл сайын 3 млн астам адам жүгінеді. Көп кезек туындайды. Автокөлікті тіркеу қызметі онлайн түрде қолжетімді болса да, адамдар ХҚКО-ларға тікелей келіп бірнеше сағат уақытын жұмсайды.
Ал жаңа процесс бойынша сатып алушы көлік сататын адамның шотына ақша аударғанда, көлік иесі автоматты түрде өзгереді. Дәл бүгін осы ыңғайлы сервис пилоттық режимде Kaspi.kz мобильдік қосымшасына шығарылды.
Б. Мусин атап айтқандай, мамандырылған ХҚКО-ларда тек жүргізуші куәлігін алу қызметі қалады. Өйткені ол автодромда емтихан тапсыруды талап етеді.
Қарапайым халық үшін eGOV-қа көшудегі басты қиындық ЭЦҚ-ны баптаумен, мобильдік базада тіркелумен байланысты.
Осы мәселені шешу мақсатында порталда биометрия арқылы тіркелу мүмкіндігі іске асырылды. Енді eGOV пайдаланушысы болу үшін смартфонды алдыңызға қойып өз келбетіңізді көрсетсеңіз, жеткілікті. Қазір осы процесс тестіленуде, оны ағымдағы айдың соңына дейін іске қосу көзделген.
«Көп талап етілетін құжаттарды EgovMobile қосымшасына шығарамыз. Цифрлік құжаттар сервисіне жеке куәлік пен АХАЖ куәліктерінен басқа, жүргізуші куәлігі мен диплом шығарылады. Осындай құжаттар тізімі әрі қарай көбейтіледі. Жыл соңына дейін 30-ға жуық анықтама түрін беруді алып тастау жоспарлануда», — деді министр.
Кез келген азамат қажет мәліметтермен тікелей телефоны арқылы, анықтама сұратпай-ақ бөлісе алады. Ол үшін QR-кодты көрсету немесе мессенджерлердің бірі арқылы жіберу жеткілікті.
Бүгінгі таңда eGOV-та электронды қызмет көрсетуді қамтамасыз ететін 500-ден астам ақпараттық жүйел мен 1500-нан астам интеграция жұмыс істейді. Яғни eGOV бірыңғай терезенің негізгі қосымшасы.
«Мемелекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің жұмыс қабілеттілігін 99,99% дейін көтеру қажет. Бұл өте маңызды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында мемлекеттік қызмет көрсету процестері қоғам өкілдерімен бірге талқылануда», — деді ведомство басшысы.
Мысалы, тұрғылықты жерін ауыстырған кезде әскери есепке алу үшін әскери комиссариатқа бару қажеттігін алып тастау туралы шешім қабылданды. Бұрын бұл талапты бұзған кезде тиісті әкімшілік айыппұл салынатын.
Ипотекаға пәтер сатып алған кезде кепілді түркеу қажет. Қазір ол үшін банктен құжаттарды алып, ХҚКО-ға жеткізу керек. 3 күн өткен соң ХҚКО-дан құжаттарды алып, қайта банкке апарған соң ғана ипотека беріледі.
Осы бюрократияны шешу үшін Forte банкпен бірлесе отырып, блокчейн технологиясын қолданып, осы күрделі процесс автоматтандырылды.
Сонымен қатар, 1414 call-орталығының үлкен жүктемесі азаматтардың наразылығын туғызады. Сапалы кеңес беру үшін ХҚКО-лардың 2000 операторы осы жұмысқа жұмылдырылды. Сондай-ақ байланысты күту уақытын азайту үшін жасанды зерде арқылы жиі қойылатын сұрақтарға жауап беру алгоритмдері енгізілетін болады.
Тағы бір мысал ретінде, банктердегі жеке менеджерлер тәрізді, ХҚКО-ларда жеке операторларды офиске шақыртып қызмет алуға болатын механизмді іске қосу жоспарланып отыр.
Бұдан басқа, ауылдарға Интернет жеткізуді кеңейту жобасы шеңберінде министрлік операторлармен 1200 ауылдық елді мекенде Интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ететін арнайы киоскілер орнату туралы келісімге келді. Бейнебайланыс арқылы аудан әкіміне, ХҚКО-ға немесе денсаулық сақтау мекемелеріне жүгінуге болады.
Дереккөз primeminister.kz