Маңғыстау облыстық «Жас батыр» спорт мектебі мен «Каспий» кәсіби баскетбол клубы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Салтанатты рәсімге «Жас батыр» спорт мектебінің директоры Манарбек Бисекенов, «Каспий» кәсіби баскетбол клубының жетекшісі Самсон Аракелян және спорт мектебінің қызметкерлері, баскетбол клубының ойыншылары қатысты.
Меморандум аясында екі тарап бір-бірімен ынтымақтастық орнатып, бұқаралық спортты дамыту мақсатында бірлесе жұмыс істейді. Спорт мектебінде тәрбиеленіп жатқан оқушылар енді «Каспий» баскетбол клубының құрамында жаттығып, өз кәсіби біліктілігін арттыра алады.
«Негізгі мақсатымыз – облыста бұқаралық спортты дамыту, сонымен қатар кәсіби баскетбол командаларға спорт резервін дайындау. Осы ретте «Жас батыр» спорт мектебі баскетбол спортына көңіл бөліп, балалардың тартысты ойында топ жаруына өз мүмкіндігін беріп отыр. Бүгінде мектеп қабырғасынан шыққан 40-қа жуық түлек «Каспий» баскетбол клубының мүшесі, халықаралық, республикалық жарыстардың жеңімпазы атанған. Ал 14 жас баскетболдан ҚР спорт шебері атағын алған», - деді облыстық «Жас батыр» спорт мектебінің директоры Манарбек Бисекенов.
Ал «Каспий» баскетбол клубының жетекшісі Самсон Аракелянның айтуынша, 8-9 жас аралығындағы балаларды баскетбол клубына аламыз. Олар осы ойында өзінің максималды дәрежесін дамытып, шыңға жете алады. Қазір құрамада 24-25 жастағы ойыншылар да бар.
«Біз 2009 жылдан бастап баскетболда үздіксіз дайындалған қыз-жігіттерден жақсы нәтиже алып үлгердік. Маңғыстау облысының баскетболдан көрсеткен нәтижелері көңіл қуантады. Мұны «Жас батыр» спорт мектебінің еңбегі, жетістігі деп айтуға болады. Қазір біздің клуб жыл сайын жаңа қыз-жігіттермен толықтырылып жатыр», - деді Самсон Аракелян.
Айта кетейік, жыл басында «Каспий» баскетбол клубы «ҚР жастар құрамасының негізгі клубы» мәртебесін иеленген болатын.
Шара соңында «Жас батыр» спорт мектебінің түлегі, «Каспий» кәсіби баскетбол клубының ойыншысы, Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Александра Петелина алғысын айтты.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді «Жас батыр» спорт мектебі ұсынды