Ақтауда бей берекет жатқан қоқыстардың 87 нүктесі анықталған болатын. Аталған қоқыстарды тазалау мақсатында қалалық әкімдік тарапынан сметалық есеп жасақталып жатыр. Бұл туралы Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Серік Ғұсман мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Тұрмыстық қатты қалдықтардың көпшілігі қала сыртындағы өндірістік аймақтарға төгілген. Мамандардың айтуынша, 15 жылдан бері қоқыс толы аймақтар тазаланбаған.
«Кезекті мәслихат сессиясында қала сыртындағы қоқысқа толы аймақтарды тазалау үшін ұсыныс айтылады. Қаржы бөлінгеннен кейін мемлекеттік сатып алу арқылы конкурс өткізіледі. Сонан соң анықталған жеңімпаз мекеме тазалық жұмыстарын жүргізеді. Осы ретте тұрғындарды қала аумағын таза ұстауға шақырамын. Ірі тұрмыстық қалдықтарды арнайы полигонға тастау керек», - деді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Серік Ғұсман.
Айта кетейік, 2018 жылы «Ғарыш сапары» бағдарламасы арқылы 56 нүкте анықталып, оның 15 орны тазаланған. Ал былтыр 10 000 тонна, яғни 400 рейс қоқыс шығарылған болатын.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттер мен видеоны түсірген Талант ҚҰСАЙЫН