Түпқараған ауданына қарасты Ақшұқыр ауылы — халық халық саны ең көп шоғырланған елді мекен. Осы ауылдағы мектеп-лицейінде оқушылар үш ауысымда оқиды. Бұл — аудан бойынша үш ауысымда білім беретін жалғыз мектеп. Ал мектептен шалғай орналасқан отбасылар балаларын ауыл ішінде көлікпен тасымалдауға мәжбүр. Қазір үш ауысымда оқытатын Ақшұқыр мектеп-лицейінде 1147 оқушы 12 автобуспен тасымалданады. Бірнеше жылдан бері ауыл тұрғындарын толғандырып келе жатқан мәселелелердің бірі — осы.
Ақшұқырлықтардың осынау түйткілді мәселесін шешуі үшін өткен жылы Маңғыстау облысының сол кездегі әкімі Ералы Тоғжановтың қолдауымен Ақшұқыр ауылында 600 орындық мектептің құрылысы басталған болатын. Құрылыстың жалпы құны 1 миллиард 400 мың теңге, ал мердігер мекеме — «Альянс ЛТД» ЖШС. Үш ауысымды оқытуды жою мақсатында қолға алынған құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес 2020 жылы аяқталып, қыркүйек айында толықтай пайдалануға берілмек.
Мектепті қолданысқа беру арқылы аудандағы үш ауысымдық білім беру мәселесі шешілумен қатар тасымалданатын оқушылардың санын азайтуға да мүмкіндік туады деп күтілуде. Сондай-ақ жаңа мектеп құрылысының аяқталысымен жаңа жұмыс орындары да ашылады. Мектепте 100-ге жуық мұғалімнің қызмет ететінін ескерсек, оның 20-ға жуығы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында келеді.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА