©
Өзбекстанның Үргеніш қаласында екінші өңіраралық ынтымақтастық форумы басталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жиынға Қазақстан мен Өзбекстан елдерінен 300-ден астам экономика, сауда, туризм, ауылшаруашылық салалары мен бизнес, министрліктер мен облыс әкімдіктерінің өкілдері қатысуда. Форумның екінші күнінде қос елдің үкімет басшылары сөз алып, екі елдің ынтымақтастығы мен әріптестік әлеуетіне қатысты маңызды құжаттарға қол қойылады деп күтілуде.
Маңғыстау облысы әкімі Серікбай Трұмов бастаған ресми делегация да Хорезм облысының орталығы-көршілес Үргеніш қаласында болып, облыстардың бүгінгі қарым-қатынасы мен келешектегі жоспарларды талқылаған секциялар жұмысына қатысуда.
Екінші ынтымақтастық өңіраралық форумының алғашқы сөзін алған Хорезм облысының әкімі Фарход Эрмонов жиынның маңыздылығын айта келе, шара қос мемлекет арасындағы достық пен әріптестікті одан әрі дамытып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылатынына сенім білдірді.
Бағзы тарихымыз, алтындай салт-дәстүріміз, бай экономикамыз бар. Қазақстан мен Өзбекстан бұрыннан бауырлас елдер, діні бір, дәстүрі ұқсас. 2018 жылы Қазақстанда Өзбекстан жылы, 2019 жылы Өзбекстанда Қазақстан жылы болып жарияланды. Бұл - екі елдің мызғымас достығын көрсетеді. Ынтымақтастық пен әріптестік қарым-қатынасты одан әрі дамытып, жаңа жобаларға серпін беруді мақсат еткен ауқымды шараның Хорезм облысында ұйымдастырылуының да өзіндік себебі бар. 2700 жылдық тарихы бар байырғы Хорезм туралы атақты Аристотель жазба қалдырса, өлкеде Әл-Бируни, Әл-Хорезми сынды тұлғалар өткен. Әлемде Хиуа шахарына тең келер қала жоқ дер едім, - деді туған тілінде Хорезм облысының әкімі Фарход Эрмонов.
Бұдан соң, Қазақстан Республикасы сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев сөз алып, ауқымды жиынның жұмысына сәттілік тіледі.
Қазақстан мен Өзбекстан стратегиялық көршілер болып табылады. Бұған дейін Шымкент қаласында алғашқы форум өткізіліп, екі елдің әріптестік әлеуетінің жоғары екені мәлім болған еді. Екі ел арасында сыртқы сауда айналымы 2019 жылы 4,1 млрд долларды құрады. Бүгінде біздің елімізде 700 өзбек компаниясы және 420 аралас компаниялар қызмет етуде. 2005-2019 жылдар аралығында Қазақстан Өзбекстан экономикасына 327,8 млн доллар құйса, Өзбекстан мемлекеті біздің елге 33,2 млн Ақш доллары көлемінде инвестиция тартқан. Ал, қос мемлекеттің туристік потенциалы екі күндік жиын барысында айқындалады деп күтудеміз. Сондай-ақ, форум аясында 40-тан астам құжатқа қол қойылып, әріптестік байланысқа жаңа серпін беріледі деп сенемін, - деді Қайрат Төребаев.
Хорезм әлемге жұмбақ сырлы, алуан жырлы Хиуа қаласымен танымал. Облыс халқы 1,8 млннан асады, орталығы- Үргеніш қаласы. Өлкеде туризм мен сауданы дамытуға барлық мүмкіндік бар, 20 мұражай, 170 кітапхана, 70 қонақ үй, 14 саябақ, 525 мектеп бар. Сондай-ақ, бірнеше машина жасау зауыттары, аяқ киім фабрикасы, "Хиуа кілем фабрикасы, "Хорезм балық зауыты" ел экономикасына елеулі үлес қосып отыр. Жылына орта есеппен 1,5 млн турист Хорезмге аяқ басып, салтын сары алтындай сақтаған аймақтың дәстүріне қанып, сұлулығына куә болады екен. Әсіресе, өзбек халқы ұлттық дәмін жоймаған тағамдарын дайындап, қонағына ұсынудың жоғары деңгейін игерген. Ал, Өзбекстанның туризмді дамыту мемлекеттік комитеті төрағасының бірінші орынбасары Абдулазиз Аккулов "Республика аймақтарының туристік потенциалын дамыту" тақырыбында баяндама жасады.
Бізді бір тарих біріктіреді. 2018-2019 жылдар - бізге жаңа мүмкіндіктер тудырды. Өткен жылы өзбек жеріне әлемнің түкпір-түкпірінен 6,7 млн саяхатшы келген. Жерімізде 1482 туристік орталығы, 1188 қонақ үй қонақтарға қалтқысыз қызмет көрсетеді. 86 елдің өкілдеріне визасыз рәсімдеу, ал, 57 елден келетін мәртебелі меймандарға электрондық виза рәсімделеді, -деді Абдулазиз Аккулов.
Көршіміз туристерге ең қауіпсіз саналатын 5 мемлекеттің қатарында. Сондай-ақ, түркі мәдениетінің "Түрксой" халықаралық ұйымы "2020 жылғы түрік әлемінің астанасы" деген абыройлы атақты берді.
2019 жылы Шымкентте Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдерінің өкілдері бас қосып, Орталық Азия мемлекеттерінің туристік әлеуетін талқылаған болатын. Жиын осы бағыттағы бірнеше мәселелерді айқындап берді. Бұл туралы "Орталық Азиядағы индустрия және туризм" қауымдастығының басшысы Гүлмира Ахбердиева баяндады. Оның айтуынша, төрт ел арасындағы туризмді дамытуға кедергі келтіретін проблемаларды мемлекеттер деңгейінде шешу керек. Біріншіден, елдер арасындағы шекара, миграция, кедендік бақылауды жеңілдету керек. Көлік және ақпараттық коммуникацияны дамытып, туристерге қызмет көрсетудің бірыңғай стандартын енгізу қажет. Маман дайындауға мән беріп,елдердің статистикасын жасақтау мен жинақтаудың әдістерін келісіп жасау керек. Сондай-ақ, бәсекеге қабілетті туристік өнімді қалыптастырып, туристік мүмкіндіктердің бірыңғай базасын және туристік-ақпараттық желі құру қажет.
Бірқатар мәселелерді айқындап, жүйелі жобалардың жүзеге асуын мақсат еткен форум аясында өнеркәсіп, логистика, ауыл шаруашылығы салаларында бірлескен кәсіпорындар ашу сөз болды. Тараптар экономиканы дамытудың негізгі жолдарының бірі саналатын туризмді қолға алудың маңызы зор деп санайды. Өңіраралық ынтымақтастық екінші Үргеніш форумы бірқатар басымдықтарды айқындап, жаңа жобаларға жан бітірмек. Екі ел өңірлері арасында бірқатар меморандумдарға қол қойылып, импорт пен экспорт көкжиегі кеңейіп, сауда айналымы артады деп жоспарлануда. 2019 жылы Маңғыстау облысы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы тауар айналымы 4 млн АҚШ долларын құраған.
Форум аясында көрме ұйымдастырылып, екі ел компаниялары өз тауарлары мен өнімдерін таныстырды.
Облысымыз көршілес елмен сауда-саттық байланыс орнатқан. Өзбек жерінен жеміс-жидек, көкіністер, томат пастасы, минералдық сулар, кептірілген жаңғақ түрлері әкелінсе, бізден металлконструкция, цемент, төрт түлік мал тасымалданады.
Тарихы терең, табиғаты сұлу, болашағы жарқын Хорезм облысында бүгінде 11 мыңдай қандастарымыз тұрады. 90 жылдарға дейін өзбек жерін жатсынбай, мекен еткен қазақтардың саны 1,5 млннан асатын. Қазір Өзбекстанда 1 млн қандасымыз қалса, Үргеніш ауданында 4 мыңдай қазақ тұрады.
Анар Шамшадинова
Суреттерді түсірген Серік Майемеров
Ақтау-Қоңырат- Нөкіс- Хиуа- Үргеніш