Жақында «ҚР мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Президент жарлығына сәйкес Маңғыстау облысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті құрылды. Бұл туралы орталық коммуникация орталығында департамент басшысы Мұрат Әділов мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Мемлекеттік мекеменің өз алдына бірқатар міндеттері, функциялары мен құқықтары бар. Соның негізгісі – облыс аумағында тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз ету.
«Тұтынушылардың көбі өз құқығын білмейді. Сол себепті олар сапасыз қызмет алған кезде немесе алданып қалғанда кімге жүгінерін, қандай шара қолданарын білмейді. Бұл бүгінде өзекті мәселеге айналып отыр», - дейді Мұрат Әділов.
Жаңадан тағайындалған басшы аталған жағдайға тап болған өңір тұрғындарына консультациялық көмек көрсету, кеңес беріп, олардың өтініштерін қарауды департамент мамандарының тікелей жұмысы екендігін атап өтті.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суретті Маңғыстау облысы «Қоғамдық Коммуникация Орталығы» ұсынды