Жер бетінің кез келген бұрышында табиғат байлықтарын тиімді пайдалану, қоршаған ортаны ластамау, айналаға залал келтірмеу, өсімдіктер мен жануарларды қорғау арқылы балансты сақтау – ең өзекті мәселенің бірі. Себебі адам баласы заңмен тыйым салынғанына қарамастан, өсімдік пен жануарлар дүниесіне қолдан зиян келтіреді. Аз уақыттық қызыққа немесе жеке бастың қалтасына бола оларды қырып-жояды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы жолдауында дәл осы мәселеге көңіл бөліп, ерекше қорғауға алынған өсімдіктер мен жануарларды қырып-жоюға қатысты жазаны қатаңдату мәселесін көтерді. Қылмыстық заңнамадағы осы баппен қаралатын сот істеріне талдау жүргізілді. Қоғамдағы жағдайларды ескере отырып, былтыр желтоқсан айында Қылмыстық кодекске енгізілген өзгертулер мен түзеулер қатарына 339-бап та қосылды.
Енді 2020 жылдан бастап Қазақстанда заңсыз аңшылық және балық аулау тәртіп бұзу ретінде емес, орта деңгейдегі қылмыс санатында қаралуда. «Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу» деп аталатын 339-бап бұған дейін тек бір баптан тұратын еді және ол үшін 3 000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазалары тағайындалатын. Өзгерістерге сай осы жазаларға мүлкін тәркілеу, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыру жазасы қоса тағайындалады. Сондай-ақ 339-бап 1-1 бөлігімен толықтырылып, онда киіктің не оның бөліктерімен заңсыз айналысу үшін бөлек жаза қарастырылған. Мұндай қылмыстарды бірнеше рет, адамдар тобы болып жасау, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда жасау, қызмет бабын пайдалана отырып жүзеге асыру немесе қылмыс салдарынан ірі залал келтірілген болса, жаза сәйкесінше күшейтіледі. Тіпті қылмыстық топпен аса ірі залал келтіре отырып жасалса, 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазалануы мүмкін.
Маңғыстау өңірі Каспий теңізінің жағалауына жақын орналасқандықтан бекіре тұқымдас балықтарды заңсыз аулау істері сотта жиі қаралады.
Бүгінде заңдағы сиясы кеппеген жаңа өзгерістер сот практикасында жылдам қолданысқа еніп кетті. Мысалы, ақпан айында Ақтау қалалық сотында Қылмыстық Кодекстің 339-бабы 2 бөлігінің 2, 5 тармақтарымен екі азаматқа қатысты қылмыстық іс қаралды. Оларға аңшылық және балық аулау қызметімен айналысу құқынан 1 жыл мерзімге айыра отырып, 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотта анықталғандай, олар 93 келіден аса бекіре тұқымдас балықтарды сақтап, сатпақ болған. Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының анықтамасына сәйкес, осы іс әрекет арқылы мемлекетке 24 879 635 теңге шығын келтірген. Барлық балық мемлекет пайдасына тәркіленгендіктен, сотта олардың мүлкін тәркілеуге негіз болатын деректер анықталмады.
Сол секілді Маңғыстау бойынша қаңтар-ақпан айларында осы баппен жүздеген дана бекіре тұқымдас балықтарды заңсыз сақтаған азаматтарға қатысты іс қаралып, 100 млн-нан аса теңге көлемінде шығын келтіргендері анықталды. Сотталушыларға 2-4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Осы жазалар заңды белшесінен басып, жеңіл іспен пайда таппақ болғандарға сабақ болуы керек. Заңдағы бұл өзгерістер табиғат байлығына қол сұғушылардың қатарын азайтуға өз септігін тигізеді деген сенім бар.
Гүлфайруз Қойбағарова,
Ақтау қалалық сотының судьясы